Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Халықаралық экспедиция Алматыдан басталды. Экспедиция ҚР мәдениет және спорт министрлігіне қарасты туризм индустриясы Комитетінің бастауымен жүзеге асады.
Экспедицияның басталуына орай, бүгін Visit Almaty туристік ақпараттық орталық баспасөз орталығында БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз жиыны өтті. Жиынға «Kazakh Tourism» ҰК АҚ маркетинг, цифрландыру және байланыс бөлімінің менеджері Тегенбаев Дархан, экспедиция жетекшісі Ахмеджанов Әбілқайыр, жолнұсқаушы Ізмағамбетов Болат және «QazaqGeography» РҚБ баспасөз қызметі Айжан Жұматаева сөз сөйледі.Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – экспедиция кезінде туристік нысандарды тізбектеу, инфрақұрылымды жақсарту бойынша ұсыныстар енгізу және жаңа туристік бағыттарды құру арқылы ішкі және сыртқы туризмнің әлеуетін, сондай-ақ жаңа трансшекаралық маршруттарды дамыту болып табылады.
"Шетелдік қонақтар Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан тарихымен танысуға және осы аумақта өмір сүрген байырғы халықтар мәдениетін тамашалауға қызығушылық танытады. Сонымен қатар, алыс мемлекеттерден ат терлетіп келген туристер бір сапармен бірнеше елді аралап кеткенді ұнатады. Сондықтан экспедиция маршруты үш елді қамтитыны бекер емес.
Аталмыш экспедиция «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның мәдени-географиялық объектілерінің туристік әлеуетін пайдалану міндетін толық жүзеге асырылуына едәуір үлес қосады. Сонымен қатар, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да алға қойылған міндеттерді орындауға көмектеседі", - делінген ақпаратта.
Баспасөз конференциясынан кейін кәсіпқойлар тобы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан бағытынан тұратын он үш күндік экспедицияға аттанды. Экспедиция құрамында білікті журналист, фотограф, телеарналар түсірілім тобы, туристік блогерлер мен туроператорлар бар. Сапардың нәтижесі бойынша еліміздің табиғи нысандары бойынша жаңа туристік бағыттар, сапалы фото-және видеобанктер құрылады. Олардың қазіргі жағдайы туралы өзекті ақпарат алынады, иллюстрацияланған жолнұсқа жасалатын болады. Болашақта бұл ақпарат көршілес Қырғызстан, Өзбекстан және отандық туроператорларға берілетін болады.
"Экспедиция құрамы келесі бағыт бойынша жүріп өтпек: Алматы қ. – Ыстық - Шарын – Көлсай – Қаракөл – Кәжі-Сай (Каджи-Сай) – Токмок – Суусамыр – Талас – Тараз – Ақмешіт үңгірі – Сауран – Түркістан – Арыстан-баб – Отырар – Шымкент – Ташкент – Самарқан – Қазығұрт – Мерке – Таңбалы – Алматы.
Қатысушылардың ерекше саяхаты Алматы облысының көрікті жерлерінен басталады: Үлкен Алматы көлі (БАО), Медеу, Шымбұлақ, Шарын шатқалдары. Одан әрі «Тянь-Шаньның көк маржаны» аталып кеткен Көлсай көлдеріне қарай жол тартады. Үшінші күні Қырғызстан шекарасынан асу жоспарланған. Үш күн бойы қатысушылар Ыстықкөлдің әкімшілік орталығын және Қаракөл қаласын, Жеті-Оғыз шатқалын, Теріскей Ала-Тоо жотасының солтүстік баурайында орналасқан Барскоон шатқалын аралайды", - делінген хабарламада.
Әрі қарай қатысушылар Ұлы Жібек жолының орталығында орналасқан Азия мен Еуропа арасындағы сауда жолдарын біріктірген Ежелгі Таразға табан тірейді. Мұнда олар көптеген тарихи ескерткіштермен танысады: Қарахан кесенесі, ежелгі сәулеттің нағыз шедеврлері - Бабажи-Хатун мен Айша бибі кесенелері, Ақыртас және ежелгі Тараз археологиялық кешені. Одан әрі қатысушылар көршілес Өзбекстанның ерекше жерлерін аралап өтпекші. Жоспар бойынша, жоба 1-қыркүйекте Алматы қаласыннда аяқталады.