Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Лозада (Португалия) ITF W35 турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстандық теннисші белоруссиялық Юлия Хатукамен бірге соңғы бәсекеде ресейлік Полина Яценко – бельгиялық Ханне Вандевинкельмен кортқа шықты.
Бірінші партияда Құламбаева – Хатука 6:3 есебімен басым түссе, екіншісінде ресейлік-бельгиялық дуэт есе қайырды – 6:1.
Супер тай-брейкте Жібек Құламбаева – Юлия Хатука жеңісті жұлып алды – 10:4.
Бір сағат 17 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық-белоруссиялық жұп 4 брейкке қол жеткізді.
Тағы бір қазақстандық теннисші Сандуғаш Кенжебаева жұптық сында Шарм-эль-Шейх (Мысыр) ITF W15 турнирінің финалында нидерландылық Джой де Зеумен бірге ресейліктер Аглая Федорова – Алиса
Кюммельмен кездесті. Мұнда ресейлік жұптың бағы жанды: 6:4, 6:3.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Португалиядағы турнирдің финалына шыққанын хабарлаған едік.