Қазақстанның соңғы жаңалықтары

ЖИ тәуелділік пе, әлде көмек пе: шынайы білім қалай қорғалады?

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
23 Маусым 2025, 13:56
1198
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Бүгінгі студенттер жасанды интеллектті (ЖИ) еркін пайдалана бастады. Бұл үрдіске ЖОО басшылығы қалай қарайды? Академиялық адалдықты сақтау үшін қандай шаралар қабылданып жатыр? Бұл жөнінде Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Асылбек Исахов пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біз студенттерге жасанды интеллект қолдануға тыйым салмаймыз, себебі бұл қазіргі жағдайда орынсыз болар еді. ЖИ – білім мен идея іздеуге арналған қуатты құрал. Кейбір студенттер тіпті ағылшын тілін үйрену үшін де ЖИ-ді тиімді пайдаланып жүр, – дейді ректор.

Оның айтуынша, ЖИ оқу үдерісін жеңілдетіп қана қоймай, студенттің жеке білім траекториясын қалыптастыруда да пайдалы.

Алайда, кез келген технология сияқты, ЖИ-дің де кері әсері бар – ол студенттік жұмыстардың шынайылығына қауіп төндіруі мүмкін. Осыған байланысты университетте бірқатар шара қолданылып жатыр.

Бүгінде әлемнің жетекші университеттері жазбаша жұмыс форматына қайта көшіп жатыр. Компьютерде терілетін тест немесе эссені ЖИ көмегімен оңай жасауға болады. Ал қолмен жазу арқылы аудиторияда білім көрсету – шынайылықты қамтамасыз ететін әдіс, – дейді Исахов.

Бұл тәсіл IITU-де де қолданылады. Бақылау жұмыстары мен оқу барысында студенттер аудиторияда отырып, қағазға жазып тапсырма орындайды. Бұл әдіс ЖИ көмегімен “алдау” мүмкіндігін азайтады.

Сонымен қатар университетте арнайы антиплагиат жүйесі жұмыс істейді. Онда жасанды интеллект арқылы генерацияланған мәтіндерді анықтауға арналған модульдер де бар.

Иә, ЖИ көмегімен жасалған мәтінді 100% дәлдікпен тануға кепілдік бере алмаймыз. Бірақ бұл – белгілі бір сүзгі. Ең бастысы, біз студенттің шынайы интеллектуалдық еңбегін қорғауға тырысамыз, – дейді ректор.

Бүгін Орталық Азиядағы жасанды интеллект саласындағы басты білім беру іс-шараларының бірі — AI Summer School 2025 ресми түрде ашылды.

AI Summer School 2025 — бұл Қазақстан, Еуропа, АҚШ және Оңтүстік-Шығыс Азиядан келген сарапшылар қатысатын бес күндік білім беру бағдарламасы. Бағдарлама 30-дан астам дәріс пен воркшопты, жасанды интеллекттің ғылым мен қоғамдық өмірде қолданылуына негізделген практикалық оқыту формаларын, жобалар бойынша командалық жұмыс және жасанды интеллекттің болашағына арналған пәнаралық пікірталастарды қамтиды.

Бұған дейін “Жасанды интеллект оқытушы мамандығының болашағына қауіп төндіре ме?” деген сұраққа жауап іздеп көрген болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы