Жасанды интеллект мемлекеттік қызметшілерді алмастыруды мақсат етпейді. Керісінше, ол мемлекеттік аппараттың жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, мақсат – адамдарды технологиямен алмастыру емес, олардың жұмыс тиімділігін арттыру.
Мұнда қандай да бір алмастыру мақсаты жоқ. Мақсат – тиімділікті арттыру. Жалпы жасанды интеллект технологиясының өзі кейбір мамандықтарға әсер ететіні сөзсіз. Бұған дейін де индустриялық революция болды. Мысалы, бу қозғалтқышының пайда болуы жалпы еңбек құрылымын өзгертті, – деп түсіндірді Бахтияр Мұхаметқалиев Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Ол стратегияның жеке бір бағыты адам капиталын дамытуға арналғанын атап өтті. Оның аясында халықтың әртүрлі топтарына арналған арнайы бағдарламалар қарастырылған.
Журналистердің мемлекеттік қызметшілерді жасанды интеллект алмастыруы мүмкін бе деген сұрағына жауап берген вице-министр мұндай мақсаттың жоқ екенін тағы да атап өтті.
Тағы да қайталап айтамын, алмастыру міндеті жоқ. Жұмысты күшейту міндеті қойылған, – деді ол.
Бахтияр Мұхаметқалиевтің айтуынша, цифрлық трансформацияның негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік аппаратқа жасанды интеллект енгізу. Бұл ретте процестердің тиімділігін 30%-ға дейін арттыру міндеті қойылып отыр.
Оның түсіндіруінше, мемлекеттік қызметшінің уақытының едәуір бөлігі тапсырмаларға жауап дайындауға, ақпарат жинап, тексеруге, сондай-ақ материалдарды бейінді департаменттермен, министрліктермен және басқа да мемлекеттік органдармен келісуге жұмсалады.
Жасанды интеллект бұл жұмыстың бір бөлігін автоматтандыра алады: ақпараттың үлкен көлемін жылдам өңдеп, қысқаша мазмұнын дайындайды, қажетті мәліметтерді табады және жауап жобаларын әзірлейді.
Айтқанымдай, бір министрлікте қазірдің өзінде пилоттық жоба ретінде енгізіп жатырмыз. ЖИ жауап жобаларын дайындауға, қажетті ақпаратты бірден табуға мүмкіндік береді. Бірақ мұның бәрі заңнама талаптары аясында жүзеге асырылады, – деді вице-министр.
Сонымен қатар ол мемлекеттік аппаратқа ЖИ енгізудің өзіндік ерекшеліктері бар екенін атап өтті. Өйткені бұл сезімтал ақпаратпен жұмыс істеуді көздейді және ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтауды қажет етеді. Бахтияр Мұхаметқалиевтің айтуынша, жасанды интеллектінің арқасында үнемделген уақытты мемлекеттік қызметшілер неғұрлым маңызды міндеттерге бағыттай алады.
Заман ағымынан қалмау, тіпті одан да жақсысы – озып жүру және осы технологияларды бейімдей білу немесе оларды өзіміз жасай алу маңызды, – деп атап өтті ол.