ЖИ адамнан артық па? – ІТ сарапшы

Бөлісу:
ЖИ адамнан артық па? – ІТ сарапшы
Фото: Тимур Бектұрдың фейсбук парақшасынан

ІТ сарапшысы Тимур Бектұр өзінің Telegram-дағы парақшасында "Жасанды интеллект адамнан артық па?" деген сауалға жауап жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Білмедім. Бірақ OpenAI компаниясы (ChatGPT жасаушылар) өзін ақылды деп санайтын адамдар мен "Жасанды интеллект менің қызметкерлерімнен артық емес" деп ойлайтындар үшін жаңа белесті ұсынды, - дейді Тимур Бектұр.

Сөзінше, OpenAI премиум AI-агенттерін іске қосады – оны жалдау құны айына 20 000 долларға дейін болмақ.

OpenAI чат-боттарды былай қойып, бизнес пен ғылымға арналған жаңа буын AI-агенттерін дайындауда.

OpenAI ауқымды ЖИ-агенттерін ұсынып, оларды бизнес пен ғылымдағы күрделі мәселелерді шешуге бағыттамақшы. Бұл чат-боттардан гөрі дамыған жасанды интеллект жүйелері ретінде енді олар тапсырмаларды басқарудан бастап, код жазу мен ғылыми зерттеулер жүргізуге дейін көмектесе алады, - деді ол.

Ол ЖИ-көмекшілерін жалдау үшін баға құрылымы қандай?

OpenAI әртүрлі деңгейдегі қажеттіліктерді ескеріп, AI-агенттерін үш категорияға бөлген:

$2 000/айына – қарапайым һәм негізгі бизнес ассистент қызметкері түрінде;
$10 000/айына – бағдарламалаушылар мен автоматтандырушыларды алмастыру үшін;
$20 000/айына – ғылым мен терең зерттеулерге арналған AI.

ІТ сарапшының айтуынша, қазірдің өзінде бұл шаруаға SoftBank $3 млрд инвестиция құйып, AI-агенттердің үлкен нарықтық әлеуетке ие екенін көрсетті. Мақсат: AI-агенттер рутиналық процестерді оңтайландырып, сарапшылар мен мамандардың жұмысын жеңілдетуге көмектеседі. 

Яғни OpenAI енді тек чат-бот емес, нақты бизнес пен ғылымда қолданылатын интеллектуалды AI-шешімдерді ұсына бастады.

Ал ендеше… "Түкке қажет емес. Адамнан артық емес" бұл ЖИ-көмекшілер айына $2000 доллардан бастап "жалақы" қажет ететін болса… онда сіз де өз қызметкерлеріңізге кемінде сондай жалақы төлеуге дайын болыңыз, - деп ойымен бөлісті Тимур Бектұр.

Ол жұмыс істейтін қызметкерлер, яғни адамдар мен ЖИ-көмекшілерді салыстырып та көрді.

"Мен мықтымын!" деген қазақтар ондай жалақы төлей алмаса, сондай-ақ сол ЖИ-көмекшілер секілді тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн тоқтамай жұмыс істейтін, ауырмайтын, ұйықтамайтын, ұмытпайтын, салғыласпайтын, той-садақаға бармайтын, көтеріліске шықпайтын, ешқандай сылтау айтпайтын, әлемнің ақпаратын лезде қорытып бере алатын деңгейде жұмыс істей алмаса, онда еңбек тұрғысынан келгендегі артықшылық қай жерде?

Бұл технологияларды қазірден қолдана бастаған компаниялар мен мемлекеттер қай жерде болмақ? "Барлығын тыю керек. Тоқтату керек. Құрту керек. Жабу керек. Шектеу керек!" дейтін біздер қай жерде болмақпыз? - деп көпшілікке ой саларлық сауал қойып, сөзін түйіндеді Тимур Бектұр.

Өзгелердің жаңалығы