Ұйқы зертханасында бір түнде жиналған деректер негізінде жасанды интеллект Паркинсон ауруынан бастап инфаркт пен сүт безі қатерлі ісігіне дейінгі 130-дан астам дерттің даму қаупін бағалай алады. Бұл туралы Стэнфорд университетінің доценті, Nature Medicine журналында жарияланған зерттеу авторларының бірі Джеймс Зоу мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.
Ең бастысы – ЖИ мұны аурудың алғашқы белгілері пайда болмай тұрып, бірнеше жыл бұрын анықтауға қабілетті.
SLEEPFM деп аталатын жаңа ЖИ моделі ұйқы кезіндегі ми толқындарын, жүрек соғысын, тыныс алуды, бұлшықет белсенділігін және басқа да физиологиялық көрсеткіштерді талдайды. Модельді үйрету үшін зерттеушілер әртүрлі топтардан жиналған 65 мыңға жуық адамның 585 мың сағаттық ұйқы жазбасын пайдаланған. Деректердің басым бөлігі Стэнфорд университетінің Ұйқы медицинасы орталығынан алынған.
Жүйе әртүрлі сигналдардың өзара байланысын анықтайды. Мәселен, электроэнцефалограмма (ЭЭГ) ұйқының тұрақты фазасын көрсеткенімен, жүрек соғысы «ояу» күйде болса, бұл жасырын жүктемелерді немесе жүрек ауруларының ерте сатысын білдіруі мүмкін.
Дегенмен, Дортмунд қаласындағы ұйқы жөніндегі сарапшы Себастиан Бушьегердің айтуынша, мұндай модельдер қаншалықты тиімді болғанымен, қорытындыны түсіндіру және емдеу тактикасын таңдау міндеті дәрігердің қолында қала береді.