Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жезқазғанда COVID-19 індетіне шалдыққандарға арналған модульді инфекциялық аурухананың құрылысы басталды. Құрылысы жылдам салынатын госпиталь 200 орынға есептелген және қажетті жабдықтармен жасақталатын болады.
Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, өңір әкімі Жеңіс Қасымбек аурухана құрылысымен және Есқұл су таратқышының құрылысын қайта салу барысымен танысқан. Бастапқыда госпитальды орналастырудың бес нұсқасы қарастырылып, нәтижесінде "Жезқазған Медицина орталығы" ЖШС жанындағы учаске таңдалған. Сонда қызу жұмыс басталып, құрылыс компаниясының жұмыскерлеріне арналған үй-жайлар орнатылыпты.
Аурухана коронавирус індетін жұқтырған пациенттерді сапалы және дер кезінде еммен қамтамасыз ету үшін салынады. Одан әрі пандемия аяқталған соң, стационарды басқа да жұқпалы аурулармен ауырғандарды емдеу үшін пайдалану жоспарлануда. Құрылыстың жалпы аумағы – 6763 шаршы метр. Аурухананың ғимараты бір қабатты болады. Металлкаркастан диагностика блогы, зертхана, әкімшілік үй-жайлар, қабылдау бөлмесі және бокс-палаталар салынады. Қарапайым палаталар темірбетоннан тұрғызылмақ, - делінген хабарламада.
Госпитальға 20 реанимациялық орын орналастырылады деп күтілуде. Сондай-ақ, ол компьютерлік томография, цифрлық рентген, УДЗ аппараттары, медициналық газ жүйесі және т.б. заманауи медициналық жабдықтармен жасақталады. Стационарды жоспарлау кезінде госпиталь ішінде эпидемиялық режимнің сақталуына жіті назар аударылған.