Жезқазған қаласының тұрғындары 2025 жылды ерекше жаңалықпен қарсы алды. Қаладағы жылу электр орталығында жаңартылған №8 қазандық іске қосылды. Бұл нысан ТП-13Б типіндегі жаңа технологиялармен жабдықталған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазіргі таңда Жезқазғанда барлығы 8 қазандық жұмыс істейді: олардың бесеуі штаттық режимде, ал үшеуі резервте. ЖЭО тарихында 1993 жылы №11 қазандық толығымен жаңартылған еді. Араға 31 жыл салып, 210 мың сағаттан астам уақыт қызмет еткен, тозуы 90%-ды құраған №8 қазандық толықтай жаңартылды.
2024 жылдың мамыр айында «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігімен инвестициялық келісім жасалды. Жобаның жалпы құны 8,8 миллиард теңгені құрады.
2025 жылдың шілдесінен бастап 2029 жылдың маусымына дейін 10,2 миллиард теңге көлемінде инвестициялық салымдарды қайтару жоспарланған.
Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен №8 қазандық толықтай күрделі жөндеуден өтіп, заманауи стандарттарға сәйкестендірілді. Қазіргі уақытта қазандық сынақ режимінде жұмыс істеп тұр.
Заманауи технологиялармен жабдықталған қазандық сағатына 220 тонна бу өндіруге қауқарлы. Толық автоматтандырылған басқару жүйесі машинистерге барлық көрсеткіштерді қашықтан бақылауға және процесті тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Жезқазғанға жылу беру температурасы белгіленген 80 градус деңгейінде ұсталып отыр, бірақ нақты көрсеткіш 83 градусқа жетіп, қала тұрғындарын тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз етуде. Қазандықтың толық іске қосылуы электр энергиясы өндірісін 40 мегаваттқа арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл жобаның іске асуы Жезқазған тұрғындары үшін жылу және энергиямен сенімді қамтамасыз ету жолында маңызды қадам болды. Қалада жаңа қазандықтың іске қосылуы тұрғын үйлердегі жылу жүйесінің сапасын арттырып, температураның бұрынғыдан жоғары болуын қамтамасыз етті.
Жаңа қазандық қала тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып, Жезқазғанның энергетикалық әлеуетін арттырады.