Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәлімет берді. Әкімнің айтуынша, Жетісу облысы 2023-2024 жылдары жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) өсімі бойынша республикада үздік нәтиже көрсеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2024 жылдың қорытындысы бойынша ЖӨӨ көлемі 2,2 трлн теңгеге жетіп, 14,8% ұлғайған, ал жан басына шаққандағы ЖӨӨ 3,2 млн теңгені құрады. Жыл соңында бұл көрсеткіш 2,7 трлн теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр.
2023-2024 жылдары негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 894 млрд теңгеге жетті. Соның ішінде жеке инвестициялардың үлесі – 71,3%. 2024 жылдың 10 айының қорытындысында барлық негізгі салаларда тұрақты өсім байқалады. Әкім жылдың жақсы көрсеткіштермен аяқталатынына толық сенім білдірді. Жыл басынан бері облыс экономикасына 397 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,5% өсім болып отыр, - деді өңір басшысы.
2023-2025 жылдары өңірде 108,5 мың жұмыс орны құрылған, оның ішінде 70 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Соның нәтижесінде облыстағы жұмыссыздық деңгейі 4,9%-дан 4,7%-ға төмендеген.
Атаулы әлеуметтік көмек алушылар да екі есеге азайған.
Әкім Бейбіт Исабаевтың айтуынша, өңірдегі орташа айлық жалақы 18%-ға өсіп, 331 мың теңгеге жетті (бұрын – 280,5 мың теңге).
Сонымен қатар жан басына шаққандағы орташа табыс 19%-ға өсіп, 144 мың теңгеден 172 мың теңгеге дейін көтерілген.