Көршілес елдер арасында білім беру жүйесі нығая түспек. І.Жансүгіров атындағы ЖУ және Ташкент мемлекеттік аграрлық университеті академиялық алмасып оқуды күшейтпек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жетісу университетінің басқарма төрағасы – ректоры Ермек Бөрібаев осы сапар аясында Ташкент мемлекеттік аграрлық университетінің ректоры Назрулло Обломурадовпен кездесті. Екіжақты келіссөздер нәтижесінде тараптар өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Жетісу облысы ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптің әлеуеті зор аймақ болғандықтан, осы салада кәсіби мамандар дайындау – басты міндетіміз. Ташкент мемлекеттік аграрлық университетімен әріптестік орнату бұл мақсатқа жетуге үлкен мүмкіндік береді. Студенттеріміз білімін шындайды, - дейді ректор.
Бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, ауыл шаруашылығы саласы үшін кәсіби мамандар дайындау негізгі басымдықтар ретінде белгіленді. Сондай-ақ агробиотехнология саласындағы ғылыми зерттеулерді жетілдіру мәселесін шешу көзделген.
Әзірленіп жатқан бұл бағдарлама біздей студенттердің көзін ашып, сапалы білім алып, саналы маман болып шығуымызға үлкен мүмкіндік береді. Бұл бағдарлама біраз уақыттан бері қызмет етіп келе жатқандығын хабардармыз, бірақ аса мән бермегендіктен, нақтысын сұрамаппыз. Жаңа келісімшарттар мен әдістемелер әзірленіп жатқандықтан, біз бұл бастаманы қолдап, тапшы мамандық иелері атануымызға әбден болады. Оның үстіне, өзге мемлекетте білім алу - өз алдына бөлек тәжірибе болар еді, - дейді студент Ермек Рахымұлы.
Бұл меморандум аграрлық сала үшін жаңа мамандар даярлау сапасын арттырып қана қоймай, екі университет арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға септігін тигізеді.