Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жетісулық шаруалардан не күтеміз?

30 Маусым 2025, 14:39
800
Бөлісу:
 Жетісу облысы әкімдігінен
Фото: Жетісу облысы әкімдігінен

Жетісуда егіс аумағы 500 мың га асады. Биыл шаруалар егістікті әртараптандыруға көңіл бөліп отыр. Бұдан өнім көлемі артама?, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Дихандар әзірге үнсіз отыр

Былтыр шаруалар өнімді уақытылы өткізе алмай біраз әуре-сарсаңға түскен еді. Тіпті қант қызылшасының мәселесіне министрлік араласып, әрең дегенде шаруалардың жағдайына мән берген. Бұл оқиға қайталана ма жоқ па, оны күзде көре жатармыз. Ал егістікті әртараптандыру идеясы қайдан келді? Неге биыл егіс көлемі жылдағыдан аз. Тәтті түбірге берілген лимитке шаруалардың көңілі тола ма? Жаңа техникаға зәрі шағын қожалықтардың жаңайқайы жетер жерге жетті ме? Тамшылатып суару технологиясы неліктен баяу дамып жатыр? Осы мәселелер һәм бұдан өзге мәселелерге жауап іздеп көрейікші.

20 жылға жуық ауылшаруашылығы саласында еңбек етіп келе жатқан «Райманов» қожалығының иесі Анатолий Мищенка айтуынша, ерінбек еңбек еткен шаруаларға қара жер құшағын ашады. Дегенмен мемлекеттен техникага берілетін көмек артқаны абзал. Себебі өңірдегі шаруалардың денінің техника бірлігі ескі һәм заманауи егін шаруасына арналмаған. Адамға көп күш түседі, ал шетелде барлық ұсақ шаруаларды техника реттейді екен.

Әрине, әр істің өз қиыншылығы бар. Үкіметке кінә артып отыра беруге болмайды. Ерінбек еңбек етуіміз керек. Біз бүгінде 25 гектарға бидай, 23 гектарға дәндік жүгері, 30 гектарға арпа, 13 гектарға соя, 15 гектарға көпжылдық жоңышқа және 25 гектар сүрлемдік жүгері ектік. Оған қоса мал шаруашлығымен де айналысамыз. Қожалықтың иелігінде 50 сауын сиыр, 120 бас ірі қара, бір отар қой, 10-нан аса жылқы мен құс бар. Осы малға қажетті жем-шөп түгелдей өз жерінен өндіріледі. «Өзге жаққа телмірмейміз, барлығын өз күшімізбен өндіреміз, - дейді шаруа иесі.

Биыл бірінші рет "Райманов" қожалығы мал азығына арналған жүгері егуге кіріскен. Бұл дақыл кейін сүрлемге айналып, шаруашылықтың мал қыстауына қажетті азықтың негізгі бөлігін құрайды. Қазір қожалықта 4 адам еңбек етеді. Олар маусым сайын 250-300 мың теңге аралығында жалақы алады. Бұл — қазіргі ауылдағы еңбек нарығындағы ең тәуір төлемдердің бірі саналады. Сондықтан жұмысшылар да адал еңбек етіп, маусымдық жұмыстарға жанын салады.

Техника да осы науқанның табысты жүруіне тікелей әсер ететіні даусыз. Қожалықтың иелігінде 4 трактор мен 2 жүк көлігі бар. Егін егу жұмыстарын өз техникасымен атқаратын олар жинау науқаны кезінде комбайн жалдауға мәжбүр. Қазір техника паркін жаңарту жоспарланып отыр. Алдағы жылдары комбайн сатып алуға да ниетті. Бүгінгі дала тынысы — ертеңгі азық қоры. Ала жаздай маңдай терін төккен еңбек иесінің үміті көктеммен бірге бүр жармақ. Еңбекпен келген ырыстың дәмі де тәтті болары анық.

Жетісулық шаруалардан не күтеміз?

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, осы жылы 247 мың гектар алқап жыртылып, 127 мың гектар сүдігер жердің ылғалы жабылған. 137 мың гектар бұрынғы көпжылдық шөптер мен күздік дақылдар тырмаланған. Нәтижесінде жалпы 374 мың гектар жерге жаздық дақылдар егіліпті. Бұған қажетті 52,1 мың тонна тұқым толық себілген. Оның ішінде: 31,6 мың тоннасы – дәнді дақылдар, 9,5 мың тоннасы – майлы дақылдар, 0,6 мың тоннасы – азықтық дақылдар, 10,4 мың тоннасы – картоп тұқымы құрайды.

Әкімдік не дейді?

Жалпы Жетісу өңірінде көктемгі дала жұмыстары ерте басталды. Ол заңды, себебі аграрлы өңір ерте қамданбаса, күзде жиым-терім уақытында әбігерге түсуі мүмкін. Шаруалар жаз жайлауына азық, қамбаға ырыс болатын егінді уақытылы себуге дайын отарытын әдеті. Облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 510,7 мың гектарға жетті. Бұл – жылдағы межеден жоғары көрсеткіш. Көктемгі егіс науқанына дайындық мақсатында облыс көлемінде жедел штаб құрылып, жұмыстар жүйелі жүргізілді. Қазірдің өзінде тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай және техникамен қамту шаралары жоспарға сай орындалып жатыр.

Егіс жұмыстары барысында 5 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыш сатып алынды. Тағы 1,3 мың тонна тыңайтқыш қоймаларда сақтаулы тұр. Жалпы тыңайтқыштарды субсидиялауға 2,7 млрд теңге қаржы қарастырылған. Егіс алқаптарының құрылымы да әртараптандырылды. Мәселен, биыл 295,3 мың гектар – дәнді және дәнді бұршақты дақылдарға, 89,7 мың гектар – майлы дақылдарға,6,8 мың гектар – картопқа, 8,9 мың гектар – көкөніс-бақша дақылдарына, 97,3 мың гектар – мал азығы дақылдарына бөлінді, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.

Айта кетерлік жайт, қант қызылшасы биыл 12,2 мың гектарға егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 мың гектарға аз. Алайда, бұл реттеу қант зауыттарының өндірістік қуатын ескере отырып жасалған. Жалпы, 550 мың тонна қант қызылшасын жинау жоспары бар. Тұқыммен қамтамасыз ету мәселесі де шешілген: 17,1 мың себу бірлігі көлеміндегі тұқым "Көксу қант зауыты" мен "Жетісу" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жеткізілді.

Техникалық тұрғыда да әзірлік жоғары. Дала жұмыстарына қатысатын 20,6 мың бірлік техника – тракторлар, соқалар, сепкіштер, қопсытқыштар мен тырмалар барлығы дерлік жоспарлы жөндеуден өткен. Сонымен қатар, егіс үшін 5,5 мың тонна дизель отыны бөлінген. Оны шаруаларға үлестіру үшін оператор таңдау жұмыстары жүргізілген. Ауыл еңбеккерлерін қаржылай қолдау шаралары да ескерусіз қалмаған. «Аграрлық несие корпорациясы» тарапынан 104 шаруашылықтан 3,0 млрд теңгеге өтінім қабылданып, бүгінгі күні 35 шаруашылыққа 942 млн теңге көлемінде несие берілген.

Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін субсидиялау бойынша мемлекеттік қызметтер 100 пайыз электронды форматқа көшірілген. Мәселен, 2023 жылы 15 183 өтінім электронды портал арқылы қабылданып, тиісті қызмет көрсетілді. Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» бағдарламасы да цифрлық кеңістік арқылы жүзеге асырылуда. Былтыр аталған жоба аясында 342 өтінім түсіп, 2,6 млрд теңгеден астам несие бөлінд. Жетісу елі – еңбек пен жер қадірін білетін жұрт. Алдағы уақытта еккен егіннің бітік шығуы – қазіргі еңбектің жемісі. Көктемнің әрбір сәті ауыл еңбеккері үшін – алтынмен тең. Тек ауа райы қабақ шытпаса екен, - дейді Н.Кененбаев.

Ауыл шаруашылығы – төзім мен табандылықты, маңдай тер мен үмітті талап ететін сала. Әр көктем – жаңа бастама, әр дән – ертеңгі молшылықтың кепілі. Диқандар тұқыммен қоса үміт пен тілек егеді. Сол себепті де қарапайым шаруа еңбегі – ел қамбасын толтыратын ұлы күш.

Елдің бәрі егін басында жүр

Бүгінде даланың әрбір түкпірінен трактор үні естіліп, диқандардың егіске деген үміті мен ерік-жігері анық сезіледі. Осы ретте біз бірнеше шаруамен дидарласып, алқаптағы жұмыстарымен таныстық. Мәселен, Кербұлақ ауданына қарасты Қарашоқы ауылында егін науқаны қызып тұр. Бұл — жай ғана мезгіл ауысымы емес, тіршіліктің қайта түлеп, үміттің бүр жарған кезеңі. Сол үмітті арқалаған еңбеккерлердің бірі – Балапан Орынтайұлы. Ол жетекшілік ететін «Б.О.Мырзалинов» шаруа қожалығы ауылдағы егінге еңбегін арнаған шаруашылықтардың бірі. Еңбек жолын 2016 жылы шағын жерден бастаған дихан бүгінде 200 гектар алқапты игеріп отыр.

Алғашында тәжірибе жинадық, жермен тіл табысудың жолын іздедік. Қазір, шүкір, жыл сайын егіс көлемін көбейтіп келеміз. Мәселен, өткен жылы 100 гектарға бидай, 50 гектарға арпа септік. Бидайдың түсімі жақсы болды — шамамен 150 тонна астық жинадық. Ал арпадан 60 тоннадай ғана өнім алдық. Бұл, бәлкім, көктемгі түндердің салқындығынан болар, – дейді Балапан Орынтайұлы.

Биылғы көктемде диқандардың үміті қайта оянды. Жаз жауынмен келіп, топырақ ылғалы мол болды. Бұл — әрине, жақсы нышан. Биыл 100 гектарға күздік, 100 гектарға арпа егілді. Тұқым дер кезінде себілсе, дала да еңбекті елеусіз қалдырмасы анық. Қарашоқы даласында бүгін – тіршілік пен еңбектің үндескен күні. Жермен тілдескен диқан ертеңгі игілік жолында тер төгіп жүр. Бұл – тек бір ауылдың ғана емес, тұтас елдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін маңызды қадам. Ендеше, адал еңбек пен ақ тілекке толы дала еңбегі жемісін берсін дейміз.

Жетісулық шаруалардан не күтеміз?

Ал Қабанбай ауылында жердің қызуы сезіліп, техниканың тырнағы тигеннен-ақ дала тіршілігі жандана түскендей. Шаңдатып жүрген соқалар мен гүрілдеген дән сепкіштер – бұл маңда еңбектің бір сәтке де тоқтамайтынын аңғартады. Жаздың аптап ыстығына қарамастан диқандар тынымсыз еңбек етіп жатыр. Солардың қатарында Машен Байзақовтың егіс алқаптары да бар. Биыл шаруашылықтың жұмыс көлемі ұлғайып, техника мен адам күші де көбейген.

Жалпы алғанда, шаруашылықтың егіс алқабы 350 гектарды құрайды. Оның ішінде 150 гектарға – қант қызылшасы, 200 гектарға – май бұршақ егеміз деп жоспарладық. Қазіргі таңда тұқым, тыңайтқыш, дәрі-дәрмек, жанар-жағармай – барлығы дайын. Техникаларымыз толық жөнделіп, сапқа қойылды. Күзде мол өнім аламыздеп жоспарлап отырмыз, – дейді шаруашылық басшысы Машен Сембайұлы.

Машен аға – бұл саланың тісқаққан маманы. Қыры мен сырын жетік меңгерген. Себебі, ол 42 жыл бойы ауданның әр саласында, соның ішінде 39 жылын ауыл шаруашылығы саласына арнаған. Зейнетке шыққан соң да қол қусырып отырмай, жеке шаруашылықтың тізгінін ұстағанына жеті жыл болыпты.

Жетісулық шаруалардан не күтеміз?

Кезінде мемлекеттік қызметте жүріп, ауданның агросаласына сүбелі үлес қосқан ардагер бүгінде біліктілігін іс жүзінде дәлелдеп жүр. Оның шаруашылықты ұйымдастыру қабілеті, заманауи техникаларды меңгеруі, технологияны тиімді пайдалана білуі – көпке үлгі. Барлық жұмыс жүйемен, нақты жоспармен жүзеге асады.

Тәжірибе – табыстың негізі. Ауылдың әр түйір дәні – елдің наны. Ал оны өндіретін жандардың білігі мен еңбегі – кез келген игіліктің алтын арқауы. Сондықтан да Машен Байзақов сынды дала шеберлері – бүгінгі ауыл тірлігінің шын қаһармандары деуге әбден болады.

Өзгелердің жаңалығы