Жетісудың жас үздік ұстазы анықталды

Кеше, 13:02
327
Бөлісу:
Жетісудың жас үздік ұстазы анықталды
Фото: автордан

Талдықорғанда жас мұғалімдердің белсенді кәсіби көзқарасын қалыптастыру мақсатында "Дарынды балаларға-талантты ұстаз" педагогикалық олимпиада өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі

Өңірдегі жас педагогтардың өзара қарым-қатынасын дамытып һәм біліктілігін бағамдау облыстық білім басқармасының міндетіне кіреді. Осы бағытта облыста түрлі жобалар қолға алынған. Соның бірі – "Дарынды балаларға-талантты ұстаз" республикалық педагогикалық олимпиадасы саналады. Бұл – өңірдегі кадр тапшылығын шешудің де бір жолы.

Әрбір жас маманның өз ісіне адал болғаны абзал. Мен елге қызмет ететін жастардың тәжірибесі мол болғанын қалаймын. Бізде қаншама жас мамандар шетелге кетіп, елге, жерге қызмет етуді екінші кезекке қойып келеді. Бұл ұлт үшін де қасірет. Әр маман өзінің байында бар қабілетін қоғамға беруімен құнды. Әсіресе мұғалім тек алдында отырған шәкірттерді ғана тәрбиелемейді, ол алдымен ұлтты тәрбиелейді. Соны ұмытпаңыздар,- деді облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов.

Олимпиаданың облыстық кезеңіне аудан, қаланың жас педагогтері қатысып, өздерінің кәсіби дағдыларын көрсетті. Білім додасы 2 кезеңнен тұрды. Әуелде қатысушылар кәсібилігін көрсетсе, артынан педагогтің әдістемелік сауаттылығы мен жеке ұстанымы сараланды. Қазылар алқасының шешімімен І орынға қалалық №20 мектеп-лицейінің биология пәні мұғалімі Ануар Сердалин ие болды.

Жас маман ретінде бар қарым-қабілетімді бала алдында көрсетуге тырысамын. Жас ұстаздар баланың психологиясымен дұрыс жұмыс істеу керек. Ақпараттар ағымы баланың білімді өзі жинауына жол ашады. Ал мұғалім шәкіртінің білгенін білмей тұруға құқы жоқ,- дейді А.Сердалин.

Байқау жеңімпазы республикалық олимпиадаға жолдама алады.

Өзгелердің жаңалығы