Жетісудың "Наурыз аруы" кім?

Кеше, 14:09
397
Бөлісу:
Жетісудың "Наурыз аруы" кім?
Фото: автордан

Жетісуда ұлттық киім мен дәстүрімізді ұлықтау мақсатында "Наурыз аруы – 2025" байқауы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі

​Ұлыстың ұлы күні қарсаңында облыс орталығында салт-ғұрпымызды салмақтайтын этно-дефиле, көрмелер, отбасылық конкурстар, бейнечеллендж өткізілді. Әдеттегідей Наурыз аруын анықтау шарасы елдің ыстық ықыласына ие болды. Орталық алаңға жиналған тұрғындар қазақ қызының мәдени өмірі мен тұрмысына аса мән беріп, нағыз үздіктерді анықтады.

Жетісудың "Наурыз аруы" кім?

​Сонау 300 шақырым жерден арнайы немеремді қолдауға келдім. Алакөл ауданына қарасты Көлбай ауылынан боламын. Қаншама күн дайындалып, қазақы көйлек тігіп, тыным таппадық. Іс-шара керемет өтті. Нағыз қазақ арулары осындай болса керек. Меніңше, бұл сұлулық жарысы емес, нағыз ұлттық дәстүрімізді, ғұрпымызды насихаттайтын дода. Мұнда қазақы танымы терең, тарихымызды жетік меңгерген жандар келеді. Тек қана сыртқы көрінісіне мән беріп, ішкі жан дүниесін ескермеуге болмайды. Менің немерем шынымен үздік болды, - дейді Көлбай ауылының тұрғыны Жаңылқан Сүлейменова.

Байқауға қоғам қайраткерлері мен белгілі тұлғалар қазылық етті. Бұған дейін байқаудың іріктеу кезеңі Өтенай ауылдық мәдениет үйінде өткен еді. Сол сыннан сүрінбей өткен 10 ару өзара бақ сынады. Көркіне ақылы сай екенін таныту үшін көрермендер алдында өнерін паш етіп, сахнада қазақтың салт-дәстүріне байланысты сұрақтарға жауап берді. Осылайша қазылар алқасы бас жүлдеге Талдықорғандағы Б. Сырттанов атындағы №25 орта мектептің 11-сынып оқушысы Еркежан Серікханды лайық деп таныды.

Маған жарыс өте қатты ұнады. Осындай ұлттық дәстүрімізге қатысты игілікті шаралар көп болғанын қалаймын. Сонда жастар қазақы қалпынан ешқашан айнымайды, - дейді "Наурыз аруы-2025" атанған Еркежан.

Өзгелердің жаңалығы