Облыс орталығында енді тұрғындарға жылу берілмейді. Себебі ауа райы қолайлы әрі түнгі температура аса суық емес, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жылыту жүйесі жылда сәуір айының орта шеңберінде аяқталады. Биыл да сол үрдіс қайталанып отыр. Жетісу жерінің күн райы ерте жылынатындықтан мамандар осындай шешім қабылдаған. Себебі тұрғындар үйдегі жылуды сәуір айынан бастап өз еркімен өшіріп тастағанын айтуда.
Жетісуға көктеп ерте келеді. Күн райы да соған сай күндіз ыстық болады, ал түнде сәл салқындауы мүмкін. Бірақ бұл жылу қажет деген сөз емес. Біз тіпті қыста да үйдегі жылу желісін уақытша өшіріп қоямыз. Себебі түнде тым қатты ыстық болып кетеді. Ондайда ұйқы қанбайды. Сол үшін де үй бөлмелерін қоңыр салқын қылып қоямыз. Бір ыстық, бір суықта бабаларымыз ауырып қалуы мүмкін, - дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Жанайым Берікова.
Қазір шаруалар егін басына шығып, жер жыртуға кірісті. Мамандар енді ауа райы жылынатынын айтып отыр.
Талдықорған қаласындағы сыртқы ауаның орташа тәуліктік температурасының 5 (бес) тәулік ішінде +8°С-тан астам тұрақты болуына байланысты, сондай-ақ қала әкімінің 04.04.2025 жылғы №22-өн/қ өкімі негізінде "Талдықорғанжылусервис" КМК 2025 жылдың 07.04.2025 ж. сағат 08:00-де жылыту маусымын аяқтайды, - делінген қала әкімінің баспасөз қызметінің парақшасында.
Осыған байланысты, жылумен жабдықтау көздері мен жылу желілерін жазғы схема бойынша жұмыс режиміне көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл қала тұрғындары үшін де тиімді болып отыр.
Жауапты мамандар жұмыстарды жүргізу кезінде ыстық сумен жабдықтауда үзілістер болуы мүмкін екенін ескертуде. Режимдерді реттеу аяқталғанға дейін жылу энергиясын тұтынушылардан түсіністікпен қарауға шақыруда.