Жетісуда Жылыбұлақ ауылының жайы алаңдатады

Бүгiн, 16:14
253
Бөлісу:
Жетісуда Жылыбұлақ ауылының жайы алаңдатады
PHOTO
Фото: автордан

Жылыбұлақтағы қисық көпірдің апатты жағдайда екенін айтып жүргендер көп. Қараорман халықтың тілегі әлі орындалар емес, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қисық көпірден халық қиналып өтеді

Осыған дейін баспасөз бетінде көпірдің мәселесі көтеріліп, халықтың тілегі жергілікті билік өкілдеріне жеткен. Алайда Алматы облысы тұсында шешілмеген түйінді, жаңадан құрылған Жетісу облысы бір жылда шеше салады деу ертегіге ұқсайды. Ұқсамай қайтсің, болашағы жоқ елді мекенге қырауар ақшаға оқтай көпір салып бергенімен, одан пайда жоқ. Себебі халқының саны мыңға да жетпейтін шағын ауылдың келешегіне жергілікті тұрғындардан басқа ешкім сенбейді. Мұндай мәселелер әр ауылда да бар. Бірінің уайымы жол болса, бірінің уайымы су. Алайда жылыбұлақтықтардың әуелгі тілегі көпір болып отыр. Кеңес заманынан қалған ескерткіштей елді елеңдеткен нысанның жайы жылда айтылғанымен, шешілер түрі жоқ.

Көпірдің жайын айтсақ күңіреніп кетеміз. “Біздің бұл көпірден өтуіміз күннен-күнге қорқынышты болып барады. Әр қадам сайын шайқалып тұрғанын сеземіз, кей жерлері шіріп, мүжілген, ал жақтауларға сүйенуге мүлде болмайды – ұстасаң, үгіліп кететіндей. Әсіресе, жаңбырлы немесе желді күндері жағдай тіпті қиындайды. Аяқ астындағы тақтайлардың кейбірі босап қалған, кейбір жерлерде ойықтар бар, ал түнгі уақытта жарық жеткіліксіз болғандықтан, адамдар байқамай сүрініп кетуі әбден мүмкін.Балалар мен қарттар үшін бұл көпірден өту үлкен қауіп төндіреді. Ата-аналар балаларының өз бетінше мұнда келуінен қорқады, ал жасы үлкен адамдар әр қадамын аңдап басуға мәжбүр. Қазірдің өзінде бірнеше рет адамдар шалынып, құлап қала жаздады. Бір күні қайғылы жағдай орын алуы әбден мүмкін. Жергілікті билік бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, көпірді жөндеу немесе жаңасын салу мәселесін шұғыл түрде қарастыруы керек. Тұрғындар өздерінің қауіпсіздігі үшін алаңдап отыр, себебі бұл – жай ғана уақытша қолайсыздық емес, адам өміріне тікелей қауіп төндіретін маңызды мәселе, - дейді ауыл тұрғыны Гүлмира Ырысбайқызы

Көне тарих пен жаңа күннің түйіскен тұсында жатқан Жылыбұлақ ауылына біз осыдан төрт жыл бұрын арнайы барып, ондағы халықтың тұрмыс-тіршілігі мен кездесіп отырған қиындықтары туралы қалам тербеген едік. Араға жылдар салып, қайта жол тартқанымызда, елді мекеннің жағдайы күрделі күйінде қалып отырғанын байқадық. Иә, бұл уақыт ішінде ауылға ауызсу мен интернет желісі тартылған, бірақ ең басты түйткілдер – тозығы жеткен инфрақұрылым мен қауіп төндірген нысандар еш өзгеріссіз қалыпты. Бір тұсын жамап үлгерсе, екінші шеті қайтадан опырылып түскендей әсер қалдырады. Үрей үлестірген мәселелер қашан шешілмек? Бізді қайта қалам тербеуге мәжбүрлеген осы түйткілдер.

Жетісуда Жылыбұлақ ауылының жайы алаңдатады

Бұл мәселе бойынша біз аудан әкімінің орынбасары Мақсат Чамиреновке жүгіндік. Оның айтуынша, аталған көпір облыстық маңызы бар жолдардың қатарына жататындықтан, аудан әкімдігі оны өз күшімен жөндей алмайды.

Иә, ауыл халқының ең өзекті мәселелерінің бірі – жергілікті жұрт "Шайтан көпір" деп атап кеткен өткел. Кеңес дәуірінде салынған бұл көпірдің бүгінде ескіріп, қауіпті нысанға айналғаны сонша, жергілікті тұрғындардың өздері одан жүрексіне өтеді. Әсіресе, ауылға алғаш рет келген қонақтарға бағыт-бағдар беріп, жол көрсету ауылдықтардың күнделікті әдетіне айналған. Себебі күзгі жауын мен қысқы көктайғақ кезінде көпірдің үстімен өткен көліктер жиі сырғып, жолдан шығып кетіп жатады

Мыңға жетер-жетпес халық тұрса да, олар да осы жердің азаматы ретінде бағалы. Қоғамда өзінің құқы бар екенін ұмытпайық. Қаншама жылдан бері тұрып келе жатқан атақонысын ешкім қиып тастағысы келмейді. Ауылдың болашағы жоқ деп қарашаңырақты қиып тастап кетуге үлкендердің де, кішілердің де жүрегі дауаламайды. Сондықтан қандай жағдай болса да көпірді қауіпсіз қалпына келтіру керек. Оқыс жағдай аяқ-асты орын алса обалы кімге болады? Үштөбе мен Жылыбұлақтың арасы небәрі 15 шақырым ғана. Осы аралықтағы ең қауіпті өткел – осы көпір. Қыста жолдың жағдайы тым нашарлап кетеді. Сол себепті сырттан келген адамдарға көмектесіп, көпірден қалай өту керектігін түсіндіріп отырамыз. Әйтпесе, көлік аударылып, апат болуы мүмкін,- дейді ауыл тұрғыны Бауыржан Даутов.

Айта кетейік, осыдан 4-5 жыл бұрын, Жетісу облысы құрылмай тұрып, ауыл тұрғындары бұл өткел жөндеуден өтпесе, адам өміріне үлкен қауіп төндіретінін айтып, дабыл қаққан болатын. Алайда арада төрт жыл өтсе де, мәселе сол қалпы өзгеріссіз тұр. Қуаныштысы – осы уақыт ішінде адам өлімі тіркелмегенімен, көктем мен қыста бірнеше көлік көпірден тайғанап, каналға құлаған.

Ескірген электр желісі елді әбігерге салуда

Ауылдан мәселе тек қана көпірге тіреліп тұрған жоқ. Жылдан жылға халық саны азайып, жастардың қатары сиреп барады. Жарайды, ол да заңдылық делік. Қазір Қазақстанның қай ауылына барсаңыз да осы мәселе алдыңыздан шығады. Сондықтан жастарды ауылда ұстап қалу оңай шаруа емес. Бұл тұста тақтың екі жағы барын ескергеніміз абзал. Ал инфрақұрылым мәселесі ауылдық жерлерді өкінішке қарай кейінге тартып тұр. Мәселен, аталған ауылда жарық мәселесі де көптің көңілін кұпті етіп жүргені жайы бар. Қанша жылдан бері күрделі күйінде қалып отыр. Күн жылынып, ауыл тіршілігі қыза түскен шақта электр энергиясының қуаты әлсіреп, жарық жиі өшеді.

Жарықсыз ешқандай жұмысыңыз өңбейді. Жаз айларында ауыл халқы темір дәнекерлеу құрылғыларын қосуға жүрексінеді. Өйткені тоқ әлсізденіп, шамдар сығырайып қалады. Бұрын мұндай мәселе болмаған, себебі ауылда үш трансформатор жұмыс істейтін. Алайда соның біреуі істен шығып, жүктеме қалған екі трансформаторға түсті. Ал жаздың аптап ыстығында тұрғындар су жылытатын құрылғыларды көп қолданатындықтан, жағдай тіпті ушығып кетеді. Жаңа заманауи трансформаторлар керек. Әйтпесе электр желілері ескіргені елге мәлім. Көп дүниелер жаңармай жатыр. Халықтың аз болғаны көп іске кедергі болып отыр, - дейді ауыл тұрғыны Қуат Досмағұлов.

Тұрғындардың айтуынша, ауылдағы электр бағаналары да әбден ескіріп, кей жерлерде арматуралары сыртқа шығып тұр. Көктемде қар еріп, жер ылғалданғанда, бұл мәселе тіпті күрделене түсуі мүмкін. Жергілікті тұрғындар әзірге ауыл әкімдігінен қолдау күткеннен басқа амал таппай отыр. Ал ауыл әкімінң өзі аудан әкімдігіне жаутаңдайды. Себебі ауылдан шыққан ақжүрек азаматтар жоқтың қасы. Кәсіпкерлер де аз.

Бұл жайтқа байланысты аудан әкімінің орынбасары Мақсат Бейсбекұлы:

Жақын арада ауыл-ауылды аралап, жағдайды өз көзімізбен көреміз. Жарық жүйесін де сол кезде тексереміз, - деп әңгімесін қысқа қайырды.

Халықтың тілегі қалыс қалмасына сенеміз. Көп жағдайда аудандық әкімдіктегілер шалғай ауылдағы мәселелерге бас қатырмайтын секілді. Тұрғындармен жиі кездесіп тұрса, кішігім түйткілдерді өзара тату шешуге болар еді. Болмаса аудандағы белді кәсіпкерлерді пайдаланып, алыстағы елді мекеннің жарық пен суын реттеп беруге де болады. Мұндай тәуекелге барған ауылдар да бар. Қараталға да сол әдіс керек секілді.

Жетісуда Жылыбұлақ ауылының жайы алаңдатады

Құлағалы тұрған ғимараттар көп

"Ауыл біткеннің келешегіне күмән келтіре беретін болсақ онда өңірдің экономикасы дамымайды" дейді әлеуметтенушылар. Бұл пікірге құлақ аспасқа болмас. Себебі арарлы өңірдің негізгі локомативі осы ауылдан басталады. Егін мен мал шаруашылығы кеңінен дамыған өңірдің көрсеткіші сол салалар арқылы алда тұр. Соңғы жылдары бірнеше ауылда заманға сай нысандар бой көтерді. Енді сол үрдіс Жылыбұлақта да жалғасса дейді ауыл тұрғындары.

Кезінде мұнда түрлі іс-шралар өтіп, ұжымшардың аты жер жарып тұрған еді. Кейін кеңес өкіметі тарқап, Тәуелсіздік алғаннан кейін ауылдың жайы төмен түсе берді. Қаншама ғимараттар қараусыз қалды. Жекеменшікке өткені де бос қаңырап тұр. Іске асыратын азаматтар жоқ. Ауылда егін мен малдан басқа не бар. Ешкім тұрақтап қалғысы келмейді. Мұндай жағдай басқа да ауылдардың алдынан шығады. Көбісі біледі Жылыбұлақ – қазақ әдебиеті мен журналистикасына өзіндік қолтаңба қалдырған ақын Қайрат Әлімбектің туған жері саналады. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев келгелі жерлесіміздің даңқы шықты. Енді ауылна көңіл бөлсе деген тілегіміз бар, - дейді ауыл тұрығын Қанипа Есіркеп.

Кеңес заманында ауыл мәдени өмірдің ошағы болған. Мұнда Мәдениет үйі, кинотеатр, түрлі өнер үйірмелері жұмыс істеп, ауыл тұрғындары мәдени шараларға белсене қатысатын. Бүгінде сол дәуірдің куәсі болған ғимараттардың орнына тек қираған қабырғалар мен қараусыз қалған ғимараттар ғана қалыпты. Бұрынғы Мәдениет үйі жекеменшікке өтіп, оның орнына сүт зауыты салынады деген ақпарат тарағанымен, бұл жоспар да жүзеге аспаған.

Ақынның қарындасы Айсұлу Күзенбаева айтуынша, заманға сай шағын мәдеи орталық болай, ауылдың сәні кірмейді

Бұрын ауылдың мәдени өмірі өте белсенді еді. Вокал, сурет, домбыра, гитара үйірмелері жұмыс істеді. Өкінішке қарай, бүгінде оның бірі де жоқ. Егер ауылда Мәдениет үйі қайта салынса, жағдай мүлде басқаша болар еді. Қзір Наурыз мерекесін тойлайтын ешқандай орын жоқ. Блокты мәдени үйлерді салу белең алды. Сондай нысан бізге де керек, - дейді ол.

Шыныменде, ауыл баласы қаланың баласынан еш кем емес. Сабақтан тыс өз құштарлығын дамытуына тек жол ашылса деп тілейді жергілікті халық.

Аудан әкімінің орынбасары Айбек Оңғаровтың айтуынша, Жылыбұлаққа жаңа Мәдениет үйін салу жоспарда жоқ. Себебі ауыл тұрғындарының саны мың адамнан аспайды. Ал заң аясында мың адамға жетпейтін елді мекенге үлкен мәдени нысан салу мемлекет үшін үлкен шығын саналады. Тіпті кітапханада салуға болмайды. Бәріне бірдей бекітілген тәртіп бар. Одан аттап кетсеңіз, заң алдында жауап бересіз.

Бүлінгелі тұрған білім ордасы

Ауылдағы мектептің жайы да мәз емес. Жалпы Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері бұл жерге жаңа нысандар мүлде салынған секілді. Көбі ескі ғимараттар, шағын жөндеу көргені бар, көрмегені бар көзге қораш көрінеді. Мәселенки, Жылыбұлақтағы мектеп 1978 жылы салынған. Осы уақытқа дейін күрделі жөндеуден өтпеген. Өткен жылы тек есік-терезелері ғана жаңартылған. Бірақ ғимараттың көлеңке бетінде орналасқан кабинеттері қыста өте суық болғандықтан, оқушылар білім алуға мәжбүр болып отыр.

Жетісуда Жылыбұлақ ауылының жайы алаңдатады

Білім ордасында оқитын оқушылар саны аз. Бірақ ғимараттың өзі де сонау ескі заманның көзі ретінде қалған дүние. Ағымдағы жөндеу жұмысы өткенімен, әлі де күрделі жөндеу жұмысы керек. Әйтеуір интернет қосып берді, бірақ кейбір жерлерде ұстамайды. Кезінде маңайдағы ауылдардың бәрі осы Жарбұлаққа жиналып, ойын-сауық өткізетін. Қазір оның бірі де жоқ. Аудан орталығы Ұштөбенің іргесінде тұрып, осындай хәлге түскеніне көңіл қынжылады. Қаншама тарихты жастанып жатқан ауылдың жайы күннен күнге нашарлап барады. Мектеп жасалса, оның ішіне үлкен зал салынса, соның өзі ауыл тұрғындарына жақсы болар еді, - дейді ауыл тұрғыны Зарипа Асанбаева.

Алдынғы жылы, ауылдан шыққан айтулы ақын Қайрат Әлімбектің 60 жылдық мерейтойына орай мектептің бір бөлмесін музей ретінде жабдықтаған. Алайда бөлме тым суық болғандықтан, музей қайтадан оқу кабинеті ретінде пайдаланылып келеді. Бұл мәселе де алдағы уақытта өз шемін табады деген ойдамыз. Себебі алдағы уақытты білім ордасына күрделі жөндеу жұмысы жасалады. Жүзден астам оқушысы бар мектепті қайта қалпына келтіру маңызды шаруа.

Ауылдағы мектептің жөндеу жұмыстарына 80 млн теңгеге тарта қаржы бөлінген. Жуық арада конкурс өткізіліп, құрылыс жұмыстары басталады. Бәрі жоспар бойынша жүзеге асады деп ойлаймын, - дейді Қаратал ауданы әкімінің орынбасары Айбек Оңғаров.

Халықтың басым бөлігі егін мен мал шаруашылығына бейімделген. Себебі осы бағыттан басқа істер кәсіп жоқ. Оның үстіне мал шаруашылығымен айналысатын жұрттың дені жайылым жердің аздығына қапалы. Жер сұрап жүргендер көп. Бұл мәселе де күн тәртібінде тұр.

Жалпы, Жылыбұлақ ауылы – қазақ руханиятына зор үлес қосқан азаматтар түлеп ұшқан аяулы мекенннің бірі. Дегенмен ауылдың қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Қираған мәдениет үйі, жарты ғасырдан бері жөндеу көрмеген мектеп, қауіп төндірген көпір – тұрғындарды толғандырған басты түйткілдер. Ауылға жанашырлық танытып, халықтың жанайқайына құлақ асатын күн туа ма? Мұны тек уақыт көрсетеді…

Өзгелердің жаңалығы