Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жетісуда жылқы ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ізін суытпай ұсталды

Бөлісу:
 видеодан алынған кадр
VIDEO
Фото: видеодан алынған кадр

Жетісу облысында полиция қызметкерлері Ескелді ауданында орын алған жылқы ұрлығын дер кезінде әшкерелеп, тағы бір ауыр қылмыстың жолын кесті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, түнгі уақытта белгісіз адамдар Беғаш ауылының шетіндегі жайылымға кіріп, 11 жылқыны айдап әкеткен. Келтірілген залал шамамен 5 миллион теңгені құрады. Жедел жұмылдырылған тәртіп сақшыларының кәсібилігінің арқасында қылмыс қысқа мерзімде ашылды.

Облыстық Криминалдық полиция басқармасы мен Ескелді аудандық полициясының бірлескен жедел тобы өңірде кешенді іс-шаралар жүргізді. Тінту барысында олар күдіктілердің ізіне түсіп, ұрланған малды сойып жатқан бір шаруа қожалықтын аумағынан үш ер адамды ұстады, - делінген ПД хабарламасында.

Ұсталғандардың барлығы – Жетісу облысының тұрғындары. Арнайы операция кезінде полицейлер 9 жылқыны аман-есен тауып, ал екі жылқының еті қылмыскерлер тарапынан бөлшектеліп қойған.

Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасуда, олардың осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

Ұрланған жылқылар мен ет өнімдері иесіне толықтай қайтарылды.

Өзгелердің жаңалығы