Талдықорғандағы көп қабатты үйлердің қабырға сылағы опырылып, үгітіліп жатыр. Бірнеше үйдің бояуы кетіп, қаланың сәнін бұзуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жетісу облысында жаңадан бой көтерген тұрғын үйлердің сапасына қатысты тұрғындардың шағымдары көбейіп келеді. Жаңадан салынған нысандардың қабырғалары шытынап, сылақтары түсе бастаған. Көпшілік бұл жағдайды құрылыс кезінде материалдардың үнемделуімен байланыстырады.
Қаратал жағасындағы Талдықорғанның ең көрікті жеріндегі үйлердің сылағы түсіп жатыр. Жаңбыр жауса, су өтіп кетеді. Бетон дұрыс құйылмаған, арматурасы да жұқа. Мұндай үйдің қанша уақытқа шыдайтыны белгісіз. Біз салынып жатқанда да байқап жүрдік. Бірде-бір инженер келіп, бақылау жасаған жоқ. Тек жұмысшылар асығыс салып, кете берді. Миллиондаған қаржы бөлінді, бірақ оның бәрі қайда кеткені белгісіз. Ақша желініп, сапа ұмытылған. Біреу байып, біреу зардап шегеді. Ақша игерілді, бірақ құрылыс талапқа сай емес. Ертең жер сілкінісі болса, бұл үйлер аман қала ма? Ойланып жатқан ешкім жоқ,- дейді қала тұрғыны Айнұр Жарылқап.
Тұрғындардың айтуынша, үйлер пайдалануға берілгеніне көп уақыт өтпесе де, қабырғаларында жарықтар пайда болған. Облыстағы тұрғын үйлердің құрылысына миллиондаған қаржы бөлінген. Алайда, оның сапасы бұл соманы ақтамайды, құрылыс материалдары нашар. Кейбір баспаналардың іші дымқыл тартып, сылақтары опырылып түсуде. Бұл мәселе әлеуметтік желілерде де қызу талқылануда. Тұрғындар жергілікті биліктен жауап беруді талап етуде.
Жергілікті әкімдік бұл мәселені бақылауға алатынын мәлімдегенімен, нақты шешімдер қабылданған жоқ. Билік өкілдері құрылыс компанияларына ескерту жасалғанын, алдағы уақытта бұл жағдай тексерілетінін айтты.