Облыс бойынша төтенше жағдайлардың салдарын жедел жою үшін 1 млрд 66 млн теңге қаражат қарастырылған. Соның ішінде төтенше резервіне - 566 млн.тг, шұғыл шығынға – 400 млн.тг, сот шешіміне – жүз млн.тг жұмсалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қауіп кезеңіне 120 бригада дайын отыр
Өңірдегі ахуал әзірге тұрақты. Бүгінде құтқарушы мамандар қауіп төнуі мүмкін аумақта жүр. Облыста 10 сумен жабдықтаушы, 10 жылумен жабдықтаушы, 5 газбен жабдықтаушы және 4 энергия беруші ұйым халыққа қызмет көрсетеді. Аталған объектілердің базасында 119 авариялық-қалпына келтіру бригадалары құрылған. Онда 3300-ге тарта техника және мыңға жуық жеке құрам адам бар. Ашып айтатын болсақ, жылу бағытында 28 бригада, 55 техника және 172 адам жұмыс істейді, ал суға жауапты 27 бригада, 69 техника және 108 адам дайын отыр. Одан бөлек газ оқиғаларына 39 бригада, 35 техника және 89 адам жұмсалса, электр бағытында – 25 бригада, 73 техника және 210 адам құтқару жұмыстарын жүргізеді.
Біз қазір су тасқынына қарсы іс-шараларды бастап кеттік. Ол жұмыстар өз нәтижесін беріп жатыр. Мәселен, өңірдегі үлкенді-кішілі 6 қалада 8 кәріз тазарту қондырғысы бар, 5 ауылдық елді мекенде сүзу алаңдары бар. Нақтылай кетсек, олар Ақсу ауданы – Жансүгіров ауылы, Ескелді ауданы - Қарабұлақ ауылы, Жастар ауылы, Панфилов ауданы – Головацкий ауылы, Текелі қаласы – Рудничный ауылында орналасқан. Барлық нысандар қорғалған. Сондай – ақ 357 бірлік дизель генераторлары төтенше жағдай кезінде тартылады. Мәселен Талдықорған қаласында – 2 бірлік, Текелі қаласында – 6 бірлік, Қаратал ауданында – 10 бірлік, Ескелді ауданында – 31 бірлік, Көксу ауданында – 43 бірлік, Кербұлақ ауданында - 43 бірлік, Панфилов ауданында – 78 бірлік, Алакөл ауданында - 50 бірлік, Сарқан ауданында – 40, Ақсу ауданында – 54 бірлік бар. Бәрі қызметке сақадай сай тұр, - деді облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Қалдыбек Төлеуұлы.
Оның айтуынша, өңір көлемінде 3 мың шақырымға жуық арық желісі бар. Соның ішінде науа арналарында 411 км, жер арналарында 2 457 шақырымды құрайды. Арық желілерін әртүрлі қатты тұрмыстық қалдықтардан (тұнба және қардан) ұстау және тазарту аудандар мен қалалардың коммуналдық қызметтерінің күшімен жүргізіледі. Олар да бүгінде өз істеріне тиянықты қарап отыр. Себебі тазалау жұмыстары дұрыс жүргізілмесе қала ішін су басу қаупі туындауы мүмкін. Ал ауылдық жерлерге негізгі күш техникаға түседі. Батпақты аймақтарға арнайы техниканы күші керек.
Күн кенеттен жылынып сала бергенде өзімізде аң-таң боламыз. Ауланы қалың су басып кетеді. Сөйтсек таудың іргесіне орналасқандықтан қарғын су бөгеттерді бұзып, сай саланы қуалап ауылға кіреді екен. Осыдан 1-2 жыл бұрын біздің ауылдың ішімен өтті. Абырой болғанда қалың сел үйлерді іргелеп өтті. Біраз мал сумен ағып кетті. Кейбір аман шықты, кейбіріне суық өтіп кеткен екен. Сондықтан техниканың күшімен қарғын судың алдын алу маңызды. Түнде ұйықтап жатқанда гүрілдеп өткен селден ес жия алмай қаламыз. Қызылағаш оқиғасын әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Көктемдегі бір уайым су тасқынының орын алуы болып отыр, - дейді Қоянкөз ауылының тұрғыны Төлеген Әбдіманап.
Осы күні ЖАО аумақтарды жинау бойынша мердігерлік ұйымдарды анықтауға арналған конкурстарды ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Көп ұзамай арық желісіне жауапты компания табылады. Сонымен қатар, бір мезгілде жол төсемі мен жеке тұрғын үйлерді су басуды болдырмау үшін аудандар мен қалалардың әкімдіктері биржевиктерді (жұмысшыларды) тарта отырып, көктемгі кезеңде суды кедергісіз өткізу үшін арық желісін тазарту жұмыстарын бастады.
Су басу қаупі бар 50-ге тарта ауыл анықталды
Апат айтып келмейтінін ескерсек, көктемгі селдің алдын алу үшін төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне күш түскелі тұр. Олардың дайындығын тексеріп алу маңызды. Себебі аяқ астына болатын апатты оқиғалар дер кезінде тиімді қимылдауға жол ашады. Мәселен, бүгінде «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы» су тасқынына қарсы іс-шаралар басталды. Жаттығу барысында мамандар техниканың күшімен арық желісін тазартуға тартылды. Айта кетейік, осы күні 184 бірлік арнайы техника және 1 463 адам жұмысшы дайындалды. Ақпан айының басынан бастап 1 898,6 км арық желісі тазартылған. Оған қоса 40 км (рослы), 69 700 бірлік қаптармен және 130 бірлік мотопомпамен қамтамасыз етілген.
Ақсу ауданы боынша – 86 км арық, 100 адам, 5 техника және 5 000 бірлік мешкатары, 17 мотопампа; Алакөл ауданы бойынша 168 км арық, 86 адам, 22 техника және 4 000 бірлік мешкатары, 10 мотопомпа; Ескелді ауданы бойынша 90 км арық, 68 адам, 8 техника және 2430 мешкатара, 16 мотопомпа; Қаратал ауданы бойынша 180 км арық, 150 адам, 36 техника және 19 000 бірлік мешкатары, 15 мотопомпа; Көксу ауданы бойынша 232 км, 150 адам, 11 техника және 2 000 бірлік мешкатары, 10 мотопомпа; Кербұлақ ауданында 195 км арық, 424 адам, 31 техника және 9 520 бірлік мешкатары, 26 мотопомпа; Панфилов ауданы бойынша 506 км арық, 160 адам, 15 техника және 21 000 бірлік мешкатара, 12 мотопомпа,; Сарқан ауданы бойынша – 178,5 км, 120 адам, 9 техника, және 5000 бірлік мешкатара, 14 мотопомпа; Талдықорған қаласында - 214 км арық, 90 адам, 9 техника және 750 бірлік қаптар, 7 мотопомпа; Текелі қаласы бойынша – 49,9 км арық, 115 адам, 38 техника және 1000 бірлік мешкатара, 3 мотопомпа бар. Бүгінгі күнге жұмыстар жалғасуда. Ағымдағы жылдың ақпан айының соңына дейін өңірдегі барлық арық желілерін тазалау жұмыстары толығымен аяқталады, дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Алибек Әділбаев.
Былтыр көпке мәлім, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында аула тазалығымен жасыл желектерді отырғызудан бөлек 2 465 шақырым арық желісі тазаланып, 20,6 км арық желісі абаттандырылған болатын. Биыл да бұл жұмыстар өз жалғасын табады деп күтіліп отыр. Мәселенки, осы жылы 12,9 км арық желілерін жайластыруға жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге қарастырылған. Нақтылып айтсақ, Ескелді ауданы үшін 5,5 км арық желісіне 300 млн. теңге, Талдықорған қаласы үшін – 7,4 км арық желісіне 200 млн. теңге ақша бөлінген. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда болады.
Қардың қалыңдығы 30см құрайды
Қазір өңір аумағында су тасқыны жағдайы тұрақты саналады. Қардың еру жылдамдығы салыстырмалы түрде қауіп-қатер тудырмайды деп болжанып отыр. «Казгидромет» РМК-ның ақпаратына сүйенсек, облыс бойынша елді мекендердегі қар жамылғысының орташа қалыңдығы 30 см құрап отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 21 см-ге дейін барған еді. Яки, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда орташа 9 см жоғары. Жердің тоңы орташа алғанда 34 см болады. Өткен жылы 21 см көлемінде есептелген. Бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда орташа 13 см жоғары. Демек, қауіптенуге негіз бар секілді. Бұған мамандар былайша жауап берді:
Қазір қардың қалыңдығы мен оны еру жылдамдығы біздің бақылауымызда отыр. Топырақтың ылғалдануы орташа 71,5 мм құрайды, бұл көрсеткіштер көпжылдық нормадан 6,5 мм жоғары (норма 65 мм). Сонымен қатар, «Казгидромет» РМК-ның алдын ала гидрологиялық болжамына сәйкес, су басу қаупі жоғары тәуекеліне Алакөл, Ескелді, Кербұлақ және Көксу аудандары жатқызылған. Ал орташа тәуекелге Панфилов, Сарқан аудандары, төменгі тәуекелге Талдықорған, Қаратал, Ақсу аудандары жатады. 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне алдын ала дайындық шеңберінде, 2024 жылы 34 іс-шарасы жүргізілді. Біз қарғын судан төнетін қауіп бағатын алдын ала анықтап отырмыз. Сондықтан жұрт қорқатындай жағдай көріп тұрғанымыз жоқ, дейді облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Қалдыбек Төлеуұлы.
Осы күні өзен арналарын биіктету мәселесі қолға алынған. Осы мақсатта құтқарушылар техниканың күшімен бөгеттерді нығайтқан. Мысалы, «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу жаттығуы аясында облыс бойынша алты өзеннің қауіпті учаскелерінде арналары тереңдетіліп, жағалаулары нығайтылған. Оқу-жаттығудың облыстық орталығы болып, Қаратал ауданының Тастөбе ауылына қауіп төндіретін Қаратал өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілген. Оған облыс бойынша 911 адам және 279 бірлік түрлі мақсаттағы техника және 1 бірлік тікұшақ жұмылдырылған екен.
Сала мамандарына салмақты болатын мезгіл осы көктем айлары саналады. Қазір ақпанның аяғы күннің күрт жылынуы салдарынан кейбір ауыл-аймақтарда селдің нышаны біліне бастады. Әзірге ел шулайтындай оқиға болған жоқ. Бізде таулы аймақтар көп. Оларда жылғаларды қуалап ағатын әдеткі қарғын суы ауылдың ішімен де өтеді. Сол кезде малды ауылдың берекесі кететін әдеті. Қазір бөгеттер биіктетіліп қойғанымен, сел бұзып өтууі ықтимал. Мұндай жағдайдар жылда кездеседі. Ойламағн жерден жарылып, малдың селмен бірге ағып кеткен сәттері де болды. Сондықтан барынша сақ болған абзал. Елді амандығы қашанда іске жауапкершілікпен қарағанда ғана сақталады, дейді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Ермек Сағымбеков.
Облыстық төтенше жағдайлар демартаментінің мәліметінше, өңір аумағында су басуы мүмкінігі мол 47 елді мекен анықталған. Олардың ішінде 43 ауылда дер кезінде қабылданған шаралармен су басу қаупі толық азайтылған. Қалған елді мекендерде селдің алдын алу жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде жұмыстар аяқталуға жақын. Су тасқынына қарсы іс-шаралар айлығы шеңберінде ЖАО ұсынған мәліметке үңілсек, облыс бойынша елді-мекендердің 1899 км арық желісі, 522 км канал желісі мен 2207 құбырлы өткелдері тазаланған. Сонымен қатар, 18 мың м3 қар шығарылған. Сондай-ақ, облыс бойынша төтенше жағдайлардың салдарын жедел жою үшін резервте 1 млрд. 66 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде төтенше резервге - 566 млн.тг, шұғыл шығындарға – 400 млн.тг, сот шешімдеріне – 100 млн.тг жұмсалмақ.
Жергілікті билік өкілдерінің сөзіне сүйенсек, жалпы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары облыс бойынша ерекше бақылауға алынған. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүріп жатыр.