Жетісуда тарихи-өлкетану музейі ашылды

24 Қазан 2023, 16:37
1650
Бөлісу:
Жетісуда тарихи-өлкетану музейі ашылды
Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Республика күні қарсаңында Жетісу облысы Үштөбе қаласында жаңа тарихи-өлкетану музейі ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұған дейін бұл ауданда мұндай мәдениет нысаны болмаған. Оның құрылысына жергілікті бюджеттен 898 миллион теңге бөлінді. Экспозициялық залдарда 350 құнды жәдігер қойылған. Атап айтқанда, мұнда өңірдің көне тарихынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі шежіресі туралы материалдар бар. Өлкетанушылар тарихи құнды материалдарды жинақтап, көрерменге ұсыну жастарды елжандылыққа тәрбиелеуге, танымын кеңейтуге, тәуелсіздікті нығайтуға зор ықпал ететінін айтады, 

Музейдің ашылуына барған облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаев мәдени нысанның өңірдің рухани өміріндегі рөліне тоқталды.

Жетісуда тарихи-өлкетану музейі ашылды

Мереке қарсаңында облыстың әр өңірінде көптеген әлеуметтік-мәдени нысан ашылып, халықтың игілігіне берілуде. Бүгін солардың қатарында Үштөбе қаласында руханият ошағы – музей іске қосылып отыр. Жетісудың жеті өзенінің бірі Қараталдың бойында қоныс тепкен осы ауданның тарихы еліміздің өткенімен, Жетісудың шежіресімен астас. Сондықтан бұл өлкетану музейін ел тарихының елеулі бір бөлшегі деуге болады, - деген ол көпшілікті Республика күнімен және жаңа нысанның ашылу қуанышымен құттықтап, тілегін білдірді.

Екі қабатты жаңа мұражай ғимаратының жалпы ауданы 2520 шаршы метр, экспозициясы 9 бөліктен тұрады. Бірінші қабатта Қаратал ауданының археологиясы, фаунасы мен флорасына арналған бөлімдер орналасқан. Екіншісінде – этнография, Қазақ хандығының қалыптасуы мен дамуы, Ұлы Отан соғысы кезеңі, 1868 – 1941, 1945 – 1991 жылдардағы аудан тарихы залдары, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, белгілі режиссер әрі актер Қанабек Байсейітов, жазушы Кемел Тоқаев, Қазақстанның Халық әртісі Бикен Римова және басқа да өлке мақтаныштарының өмірі мен шығармашылығына арналған залдар бар. Мұражайға бір мезгілде 130 адам кіре алады. Қызметкерлердің штаттық саны - 12 адам. Құрылыс жұмыстарын «SHEBERBUILD» ЖШС жүргізді, жоба авторы – «Sity Engineering» ЖШС.

Жетісуда тарихи-өлкетану музейі ашылды

Музей қорында Қаратал ауданының табиғи байлығы, флорасы мен фаунасы, археологиялық құндылықтары, қазақ халқының тұрмыс заттары, қолданбалы өнер туындылары, ауданның белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихи оқиғалар туралы материалдар жинақталған. Ұлы Отан соғысы, Ауған соғысы ардагерлерінің, депортацияланған халықтар өкілдерінің, ауыл шаруашылығының, жалпы аудан экономикасының дамуына елеулі үлес қосқан және оның мақтанышы болған еңбек адамдарының жеке заттары, құжаттары мұражай құндылықтары болып отыр, - деп атап өтті мұражай директоры Арман Қуандықов.

Оның айтуынша, мұражай өз қызметінде түрлі мәдени іс-шаралар мен көрмелер өткізу, ғылыми-зерттеу, ағарту - жалпы 5 бағыт бойынша жүзеге асырады.

Сөйтіп, Жетісу облысындағы 12 мұражайдың қатарына Қаратал ауданының тарихи-өлкетану мұражайы 13-ші болып қосылды.

Өзгелердің жаңалығы