Демалыс күндері екі ер адамның қайығы аударылып, суға кеткен. Біріне-бірі көмектесуге оқталған балықшылар тастай тоғаннан шыға алмаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі
Қапиядағы құтқару операциясы
Оқыс оқиға демалыс күндері болған. Апта аяғы Ескелді аудандық полициясының кезекші бөліміне түнге таяу дабыл қоңырауы түседі. Онда балық аулауға қолайлы техникалық тоғанда қайық аударылып, екі ер адам өлім аузында екіні хабарланады. Дер кезінде қимылдаған құтқарушылар жедел әрекет етуге көшеді. Абырой болғанда, оқыс оқиға болып жатқан жерге әуелі патрульдік полиция экипажы – капитан Мұхтар Нұрмұхамбетов пен лейтенант Бекқазы Байбол жетеді. Олар бірден құтқаруға кіріседі.
Біз екі адам су жағасында тұрғанбыз, бір кісі суға түсіп, қайықтан абайсызда айналып құлап түсті. Сол кезде мен енді қасымдағы жігітке "сен барып көріп кел, мен көмек шақырайын" дедім. 102-ге хабарласып, жедел жәрдем мен полиция қызметкерлерін шақырдым. Олар жылдам келді. Ойланбастан біреуі суға секіріп, құтқаруға кірісті. Артынан құтқарушылар келіп, құтқару шараларына жәрдемдесті. Оқиға кезінде өзіміз аң-таң болып қалдық. Су өте салқын, аяқ тартылып қалады. Кісі бата алмайды. Құтқарушылар арқанмен сүйреп алып шықты. Патрульдік полиция қызметкерлерінің ерлігіне рақмет айтамын, - дейді куәгер.
Куәгердің айтуынша, балық аулап жүрген егде жастағы ер адам қайық аударылған кезде суға құлап кеткен. Оның серігі еш ойланбастан көмекке ұмтылған, алайда көп ұзамай өзі де суға батып кете жаздаған. Себебі салқын суда жүзуге ешқандай мүмкіндік жоқ, аяқ-қол бірден тартылып қалады. Серігінің мұздай суда күші қалмаған.
Полицейлер бірден әрекетке көшкен. Қиналған жандардың айқайын естіген капитан Нұрмұхамбетов батылдық танытып, мұздай суға секіріп, суға кеткендерге қарай жүзе жөнелген. Бірі әбден әлсіреп қалған, тіпті аяғы балық аулау торына шырмалып қалған екен. Ал екіншісі аударылған қайыққа жармасып үлгергенімен, қатты тоңып, әлсірей бастаған.
Оқиға орнына естіген бетте бірден жеттік. Әріптесім екеуіміз адамдардың айқайын естіп, алдымен мен ойланбастан суға секірдім. Себебі жағдай өте күрделі болды. Біз кешіксек қайғылы жағдай болуы әбден мүмкін еді. Алдымен ойымда адамдарды аман алып қалу болды. Адамдарға жүзіп барған уақытта олардың әлсіздігін сездім. Олардың артық қимыл жасауға күш қуаты қалмаған. Әріптесімнің де көмекке келуін сұрадым. Ол да менімен бірге суға түсіп, жағдайды өз бақылауына алды, - дейді патрульдік полиция экипажы – капитан Мұхтар Нұрмұхамбетов.
Көмек сұраған жандардың күш-қуаты сарқылғандықтан, су жұта бастаған.
Өлімге дайындалған балықшылар
Тоғанда бұрыннан бері балық аулауға болады. Маңайдағы тұрғындар қайықпен жасанды көл ортасына дейін барып, ау салатын әдеті бар. Бұл көбіне егде жастағы адамдардың ермегі. Мұз еріп, су беті тынышталған уақытта балықшылар тоғанның маңын торуылдайды. Демалыс күндері балық аулауды ойлаған ауыл тұрғындары қайықпен тексеріп қайтайын деп шыққан екен. Алайда жағдай күрт өзгеріп, өлім аузынан қалған.
Беліме арқан байлап, бірден шығарып алуға әрекет жасадым. Құтқарушыларды күтетін болсақ, әбден әлсіреген балықшылар батып кетуі мүмкін. Негізі бар ойымыз қайтсек те жандарын аман алып қалу болды. Өзімізді де ойлаған жоқпыз. Киімімізді шеше салып, бірден салқын суға секірдік. Біз жеткенде олардың көз жанары солып қалған. Өлімге дайындалғандары көрініп тұр. Қайта дер кезінде жеттік деп ойлаймын, - дейді облыстық ТЖД-ның жедел уәкілі Өмірбек Сенбай.
Оқиғаның тіпті күрделі екенін аңғарған полиция капитаны дереу көмек шақырған. Оқиға орнына ТЖД кезекші құтқарушысы келіп, екінші ер адамды судан шығара бастаған. Дәл сол уақытта жедел-тергеу тобы да келіп жеткен. Оның құрамындағы жедел уәкіл Өмірбек Сенбай арқанмен белін байлап, суға сүңгіп, зардап шеккендерді жағаға алып шығуға көмектескен. Құтқарылған азамттардың бірі – 62 жастағы Асхат Шаяхметов болса, екіншісі – 36 жастағы Аман Оспанов. Екеуі де – өз сезімдерін жасыра алмады. Олар өз өмірлерін сақтап қалған құтқарушыларға алғысын жаудырып, қорықпаған полиция қызметкерлері мен құтқарушылардың ержүректілігі оларды аман алып қалғанын жеткізді.
Мен су басына барып, көлдің ортасына жеткенде, қайықтан аударылып қалдым. Сол кезде о дүниеге кеттім-ау деп ойлағам. Мұздай суда қимылдау мүмкін емес. Үстіміздегі киім малмандай су болғандықтан, аяқ-қолды еркін қимылдатуға шама жетпеді. Қайта Құдай оңдап, қасымдағы жігіттер көмек шақырып үлгерді. Осында жәрдемдескен полиция қызметкерлері мен құтқарушыларға алғысым шексіз. Қайта өмірге келгендей болдым. Қазір жағдайым жақсы. Біраз суық өткен секілді. 100-200 метрге келіп құтқарған жандарға басымды иемін, - дейді Асхат Шаяхметов.
Бүгінде құтқарылған азаматтар дәрігерлердің бақылауында. Құтқару операциясы төтенше жағдайда сәтті өтті. Әрбір қадам қауіпке толы болғанымен, полиция мен құтқарушылардың бірлескен әрі жанқиярлық әрекетінің нәтижесінде ешкім зардап шеккен жоқ. Ең бастысы қайғылы жағдайдан екі тарап та қаша білді.
Аталған оқиға айналамызда ісіне адал мамандардың бар екенін дәлелдей түскендей. Өз өмірлеріне қауіп төнетінін біле тұра, көзді жұмып әрекет еткен жігіттердің ерлігі көпке үлгі болады деген үміттеміз.