Осыған байланысты өңір басшысы Бейбіт Исабаев жауапты сала мамандарымен бірлесіп, су басу қаупі төнген аймақтарды әуеден бақылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қар қалың түсетін жердің бірі – Жоңғар Алатауы таулары. Өңірлік ТЖД мамандарының және "Қазселденқорғау" ММ филиалының басшылығы облыс әкіміне қардың деңгейін, алдын алу жұмыстарын мәлімдеді. Сонымен қатар, аэровизуалды тексеру барысында қардың еру үдерісі жіті зерделенді.
Бүгінде су басу қаупі жоғары елді мекендерге арнайы бөгеттер жасалып, су арнасының жүру жолын тексерілді. Оқыс оқиғалардың алдын алу жұмыстары жүріп жатыр, барлық әрекет бақылауда, - дейді Қаратал ауданының әкімі Ұлан Қонысбаев.
Қазір өңірдегі кейбір ауылдардың маңайы әлі де қауіпті аймақ қатарында тұр. Мәселен Көксу, Көктал, Қоғалы, Биен, Ақсу, Сарқан, Ағынықатты, Лепсі, Кіші және Үлкен Басқан өзендерінің бассейндерінің қазіргі жағдайы көпті алаңдатады. Сондықтан департамент өкілдері қардың еру жылдамдығын бақылап отыр.
Өңірлік ТЖД деректеріне сүйенсек, осы күні теңіз деңгейінен 1500-2000 м биіктіктегі қар жамылғысының қалыңдығы 30 см-ден 70 см-ге дейін, өзен арналарында жиекмұздар, кептелістер жоқ, судың өтуі жолы кедергісіз жүріп жатыр. Оған қоса мореналық көлдер қысқы режимде екені анықталған. Көпке мәлім Жасылкөл жағалауы мұз бен қардан ажырап жатыр. Бұл әзірге қауіптің беті алыста екенін аңғартады.
Айта кетейік, жоғарыдан бақылау барысында өңірде өзендердеріндегі гидрологиялық жағдай маусымдық ауа райының жылу деңгейіне сай екені белгілі болды.
Осындай мониторингтік жұмыстар өз нәтижесін береді деп ойлаймын. Текелі тауларында болған оқиға әлі есімізде. Сондықтан мамандар бақылауда ұстағаны жөн, - дейді ауыл тұрғыны Абай Ыдырыс.