Жетісуда жалпы екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің бүгінде екеуінің ғана көзі тірі. Осы ретте жас сарбаздар ғасыр жасаған Ысқақ Хусаиновті құттықтады, деп хабарлайды хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өңір көлемінде батырларымызға түрлі дәрежеде сый-құрмет көрсетіліп келеді. Әсіресе облыс әкімдігі тарапынан мереке сайын бағалы заттар тарту етіледі. Бүгінде жас сарбаздар да қалыс қалар емес. Мәселен 5514 әскери бөлім командирі полковник А.Мансуров жеңістің 80 жылдығы қарсанында ардагер Ысқақ Әбілпейсұлына көрсеткен ерлігі үшін алғысын айтты.
Ерлігі өшпес ерлердің есімі ел жадында қалады. Біздің жас сарбаздарға ардагер ақсақалдардың даңқы үлгі болары сөзсіз. Олар көрсеткенс ара жол кімге де болса бағдаршам болары даусыз. Ел мен жерге анасындай қараған, бабалар аманатын биік дәрежеде арқалаған алыптарға қандай құрмет көрсетсек те лайық. Жас сарбаздар елі үшін оқ кешкен батырлардың ерлігінен дәріс алуы шарт. Олардың жүріп өткен жолы болашаққа бастайтын жол. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, дейді А.Мансуров.
Ардагердің үйіне арнайы барған әскери қызметкерлер мен офицерлер майдангерге алғыс айтып, оның өшпес ерлігі мен батылдығын ерекше атап өтті. Полковник ардагерге құрмет грамотасы мен естелік сыйлық табыстады.
Өз кезегінде Ысқақ Әбілпейсұлы көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, майдандағы естеліктерімен бөлісті. Ол бейбіт өмірдің қадірін біліп, жастарды Отанды сүюге, бірлік пен татулықты сақтауға шақырды.
Біз кешкен ғұмырды сендерге бермесін. Жұрттың басына қара бұл төнбесін. Соғыс заманында қоғамдағы жағдай әсіресе қара халыққа ауыр тиді. Ол дәуірдің өз аңызы бар. Жастар аман болсын. Елдің іргесіне жау тимесін. Менің тілегім сол, дейді соғыс ардагері.