Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жетісуда миллион теңгеден асатын айыппұлы бар "рекордшы" жүргізуші ұсталды

Бөлісу:
 BAQ.KZ архиві/Жалғасбек Тоқтамысов
VIDEO
Фото: BAQ.KZ архиві/Жалғасбек Тоқтамысов

Жетісуда жол ережесін 33 рет бұзған жүргізуші ұсталды. Айыппұл қарызы 1 млн 57 мың теңгеден асып, көлігі айыптұраққа қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, республика бойынша өтіп жатқан «Қауіпті жүргізуші» жедел-алдын алу шарасы аясында Талдықорғанның 30 жастағы тұрғыны ұсталған. «Қорғау» жүйесінің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың басынан бері ол Алматы қаласында және Алматы мен Жетісу облыстары аумағында 33 рет жол ережесін бұзған.

Оның төмендегі жол ережелерін бұзу фактілері тіркелген:

- жылдамдықты бірнеше рет арттыру;
- тыйым салынған жерде көлікті қою;
- қызыл жарыққа өту;
- жол белгілерін елемеу.

Жүргізушінің көлігі барлық айыппұлдары толық өтелгенге дейін мамандандырылған айыптұраққа қойылды.

Полиция қарызды өндіру және бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу бойынша шараларды жалғастырып жатыр. Құқық қорғаушылардың айтуынша, жол ережесін сақтау – тек формалдық емес, адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін маңызды қауіпсіздік талабы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Жетісу облысы Панфилов ауданында ойын-сауық орталығын қасақана өртеген 25 жастағы азаматқа сот үкімі шықты

Өзгелердің жаңалығы