Жетісу облысында 38 көмір тұйығы мен қоймалары жұмыс істейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі мәліметінше, оларда бүгінгі күні 31,8 мың тонна көмір бар. Тәулігіне орташа есеппен 12 вагон 828 тонна көмір жеткізілуде.
Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының ақпаратына қарағанда, 2023-2024 жылғы жылыту маусымында халыққа қажетті көмір көлемі - 453,8 мың тонна. Бүгінгі күнге тұрғындарға 120,9 мың тонна көмір немесе 27% сатылған.
«ҚТЖ – Жүк тасымалы» ҰК» АҚ тарапынан халыққа көмір дайындау жоспарының орындалуына күнделікті мониторинг жүргізіледі. Темір жол қатынасы жоқ аудандарға көмірді автокөлікпен тасымалдау ұйымдастырылды.
Аудан, қала әкімдіктері қолайлы ауа райында көмір сатып алу туралы халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Жергілікті әкімдіктердің ақпараты бойынша көмірдің орташа бағасы 17 200-18 200 теңгені құрайды. Темір жол қатынасы жоқ аудандарда баға 25 000-26 500 теңгеге дейін жетеді (Ақсу және Сарқан аудандарында), - делінген басқарманың хабарламасында.