Бұл шараға қатысуға алыс-жақын шет мемлекеттерден айтулы театр ұжымдары келді, деп хабарлайды BAQ.KZ Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Халық әртісі, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, көрнекті театр және кино актрисасы Бикен Римованың атындағы бұл өнер мерекесіне елімізбен қатар Қырғызстан, Грузия, Түркияның театр ұжымдары қатысады.
Талдықорған драма театрында өткен іс-шараның ашылу салтанатында көпшілікті Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев құттықтады.
Ерекше талантымен ел есінде қалған Халық әртісі Бикен Римова апамыздың атындағы бұл фестиваль биыл екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. «Өнерде шекара жоқ». Бұл шараға қатысуға алыс-жақын шет мемлекеттерден айтулы театр ұжымдары келіп отыр. Жетісу облысы үшін ғана емес, еліміздің рухани өмірі үшін бұл фестивальдің орны бөлек. Ортақ өнердің мерейін асырып, көрермендердің ыстық ықыласына бөлене беріңіздер. Баршаңызға шығармашылық табыс, фестивальда сәттілік тілеймін, - деді Б.Исабаев.
Атап өтсек, қазан айының 7-10-ы аралығында төрт күн бойы Грузияның В. Гуния атындағы Поти мемлекеттік драма театры, Түркияның Эрзурум мемлекеттік театры, Қырғызстаннан Қ. Жантөшев атындағы Ыстықкөл облыстық музыкалық драма театры, сол сияқты Қазақстаннан С. Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық қазақ музыкалық драма театры, Х. Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры, Жамбыл облыстық орыс драма театры, Б. Омаров атындағы «Жас сахна» театры, Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры – жалпы саны 8 театр өнер көрсетеді. Қойылымдар Талдықорған театры мен Д. Рақышев атындағы облыстық филармонияның ғимараттарында өтеді. Бұл ретте өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов төрағалық ететін сыншылар алқасы жұмыс істеп, қойылымдарға кәсіби талқылау жасап отырмақ. Оның мүшелерінің сапында елімізбен қатар Татар және Грузин мемлекеттік театрларының белді өкілдері де бар.
Еске салсақ, бұл Халықаралық театр фестивалі Жетісу облысы әкімінің бастамасымен Бикен Римованың 100 жылдығына орай өткен жылы тұңғыш рет өткізілген болатын. Биыл екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.