Талдықорғандағы С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханаға жиналған өзге этнос өкілдері қазақ ақындарының жырларын жатқа оқыды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Игілікті іс-шара Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылды. Мұнда корей, орыс, украин, әзірбайжан, татар этностарының балалары Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев секілді қазақтың ғаламат ақындарының өлеңдерін тарту етті. «Жаса мәңгі бейбітшілік ынтымақ» атты мерекелік кеш аясында әр халық өзінің ұлттық биін билеп, әнін айтты.
Қазақ елі қашанда бауырмалдылығымен көпке үлгі. Оқушылардың бір-біріне деген ыстық ықыласын көріп сүйініп отырмын. Ел бірлігі қашанда бірінші орында тұруы тиіс. Ата-бабаларымыз «бірлік бар жерде – тірлік бар» деп бекер айтпаған. Осы мәуелі сөздің астарында көп мағына жатыр. Мемлекет басшысының алға қойған саяси бағыты да осы, - деді қоғам қайраткері, «Достық үйі - Қоғамдық келісім орталығының» кеңесшісі Құрметбек Сансызбайұлы.
Жиын барысында «Бейбітшілік – ел тілегі» атты бейнесюжет көрсетіліп, әр этнос өкілінің Жетісу топырағына қадам басқан сәтінен сыр шертілді. Одан бөлек оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашылары Жадыра Есимова мен Жанар Дулыханова «Қазақстан – бірлік пен татулықтың мекені» атты кітап көрмесін таныстырып, библиографиялық шолу жүргізді.
Мен қазақ тілінде еркін сөйлеймін. Достарымда қазақ балалары. Әкемнің достары да қазақ, анамда қазақша балабақшада жұмыс істейді. Үлкен атам осы жерде егіншаруашылығымен айналысқан екен. Содан қалған шаруаны әкем жалғастыруда, - дейді Н.Алдабергенов атындағы мектептің 7-ші сынып оқушысы Хан Чжун.