Облыс орталығына жиналған тұрғындар ұлттық киімнің сан алуан үлгісін көрсетіп, заманауи этно-киімдерді жарнамалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аталған іс-шараға “Наурыз аруы – 2025” анықталды. Ұлттық киім күніне орай ұйымдастырылған салтанатты кеште кішкентай бүлдіршіндермен қатар үлкен ақсақал-әжелер де бой көрсетті. Олар қазақтың әдет-ғұрпының маңыздылығын, жаңаша көріністеріне дән риза болды.
Әр ұлттың болмыс-бітімін айшықтап тұратын ұлттық киімдер екені жасырын емес. Ерте заманда осы шапанды киіп жүру күндегі дәстүр болатын. Қазіргідей емес, тек мерекеде киіп, бір-бірімен жарыспайтын еді. Қазір заман өзгерді, уақыт талабы әртүрлі. Бұрынғы тарихи ұлттық киімдеріміз жаңғырып, түрлі формада елге ұсынылып жатыр. Қарасаңыз, көз қызығады. Түрлі түсті камзолы бар, шапаны мен тақиясы бар, бәрі-бәрі ерекше көзге түседі. Осындай мерейлі мезеттер көп болсын. Ұлыс оң болсын, - дейді қала тұрғыны, зейнеткер Жанарбек Қаламқасұлы.
Ең қызығы, алғаш рет өткен этно-дефиле де тек қана қазақ халқының емес, өзге этнос өкілдерінің де киімдері көрсетілді. Орталық алаңда 22 әр этнос өкілдері өзара бақ сынады.
Түркі халықтарының танымында ұлттық киім бұл ұлттың айнымас бөлшегі іспетті. Қазақ жерінде қанша жылдан бері тұрып жатсақта, балаларымызға өз ұлтымыздың киімін, дәстүрін сіңіруге тырысамыз. Балаларымыз қазақтың салт-ғұрыпын жақсы біледі. Тақия киіп, иығына шапан асып, жарапазан да айтады. Тіпті мектепте қамшы өру әдебін үйреніп алыпты. Бұл өзі түркі жұртына, оның көшпелі мәдениетіне тән қағидалар секілді көрінеді. Татулығы жарасқан қос елдің мерекесі де егіз. Сондықтан осындай қуанышты сәттер көп болсын, - дейді өзбек этносының өкілі Жәлелбек Хусанбай.