Биыл жетісулық шаруалар 500 мың гектардан астам жерге егін егуді жоспарлап отыр. Бүгінде көктемгі жұмыстарға дайындық басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Былтыр жетісу диқандары жақсы көрсеткіш көрсетті. Өнім көлемі мол болды. Тек қант қызылшасын еккен шаруалардың біраз әбігерге түсті. Біз алдағы уақытта ол тақырыпқа жеке тоқталатын боламыз. Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне сүйенсек, егін егу маусымында 247 мың гектар жер жыртылған, 127 мың гектар сүдігердің ылғалы жабылады. Оған қоса 137 мың гектар былтырғы көпжылдық шөптер мен күздік дақылдар тырмаланбақ.
.jpeg)
Биыл қар қалың жауғанымен ерте еріп кететін секілді. Сондықтан көктемгі жұмыстарды ерте бастауымыз қажет. Жердің ылғалы басылмай жатып дән сеуіп алмасақ, жер құрғап кетсе тұқымның көтерілуі қиынға соғады. Қазір суармалы жерлерді сақтап қалу да оңай емес. Егінге толық су жету үшін бірнеше күн кетеді. Ол уақытта дән шіріп кетуі мүмкін. Былтыр қант қызылшасының тұқымы солай шіріп кеткен еді. Дер кезінде атыз басына су жетпегендіктен, біраз шаруалар шығынға батты, - дейді шаруа иесі Асылбек Өтепбергенов.

Бүгінде 400 мың гектарға тарта жаздық дақыл себіледі деп күтіліп отыр. Оған қажетті 52,1 мың тонна жаздық тұқым толық көлемде даярланған. Нақтылап айтсақ, соның ішінде 31,6 мың тн - дәнді дақылдар, 9,5 мың тн – майлы дақылдар, 0,6 мың тн - азықтық дақылдар, 10,4 мың тн - картоп.
Осы уақытта ауыл шаруашылығына қажетті техникаларға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір өңірде 21 мыңға тарта техника күші бар. Мәселен, трактор, соқа, сепкіш, қопсытқыш, пен жер тырмаларының 75% жөндеуден өтті. Жөндеу жұмыстары 15 наурызға дейін толығымен бітеді, - дейді өңірлік ауылшаруашылығы басқармасының басшыс Нұрдәулет Кененбаев.
