Өңірде жыл сайын мыңнан астам пәтер беріледі. Алайда облыс орталығындағы кезекке тұрған азаматтардың саны азаяр емес. Бүгінде 16 мыңға жуық пәтерсіз отбасы бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Былтыр 1283 адам баспаналы болған
Тұрғын үй мәселесі кейінгі жылдары Талдықорғанның өзекті проблемасына айналды. Оған негізінде Алматы облысы тұсындағы заңсыз пәтер беру оқиғалары түрткі болды. Талай азамат сотталып та кетті. Жаңа облыс құрылған соң, облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың бастамасымен онлайн кезекте тұру жобасы қолға алынды. Содан бері баспанадағы былық азайған секілді. Қала әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенсек, өткен жылы тұрғын үй кезегі 8,3 пайызға қысқарған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір жақсы көрсеткіш саналады. Алайда мыңдаған пәтер берілсе де кезекте тұрушы тұрғындар саны көбейіп келеді. Ауыл-ауылдан қалаға көшіп келген жұрттың дені үй кезегіне тұруды құп көреді екен. Былтыр талдықорғандықтармен кездескен өңір басшысы Бейбіт Исабаев 2023-2025 жылдар аралығында жалпы алғанда 4 мыңнан астам отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілетінін жеткізген еді.
.jpeg)
Өздеріңізде біліп отырсыздар, облыс орталығы Талдықорған қаласының бас жоспарына өзгерістер енгізілді. Мұнда инженерлік-коммуникациялық желілердің жүктемесін ескере отырып, нүктелік және бей-берекет құрылыс толығымен алынып тасталды. Бас жоспар аясында жаңа аудандарда құрылыс жұмыстары басталады. Осы орайда Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданының 11, 12, 13 шағын аудандарында және Қаратал өзенінің оң жағалауында көп қабатты 41 тұрғын үйді жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл сайын мыңдаған отбасы пәтер кілтін алуда. Бұл үрдіс жылда жалғасын табатын болады, - деді Б. Исабаев.
Оның айтуынша, биыл 1448 отбасы қоныс тойын тойлайтын болады. Көп ұзамай, 1041 пәтерлі 28 үйдің, 107 коттедждің құрылысы мәресіне жетеді. Одан бөлек тұрғындар арасындағы әлеуметтік осал топ өкілдеріне 300 пәтер сатып алынады. Осының бәрін есептегенде соңғы 3 жылда 4 мыңнан астам адам жеке баспанасына қол жеткізеді екен. Осы қарқынмен жалғаса беретін болса, алдағы 2-3 жылда тағы да 5 мыңға тарта обасы қонысына жетеді.

Осы тұста айта кетейік, тұрғын үй құрылысы дамыған сайын, оны жылумен үздіксіз қамту мәселесінің де алға шығады. Мәселен, жыл бойы жұмыс істейтін және жүктемесі 90%-ға жеткен "Басқуат" қазандығы қаланың көп бөлігін орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етеді. Бүгінде оған қосымша қазандық салу жұмыстары көзделген. 2023 жылдан бері шаһардың жаңа шағын аудандарында көп қабатты 51 тұрғын үй, 5 әлеуметтік нысан салынды. Осы жылы облыс әкімдігі көп қабатты тағы 28 үйдің құрылысын жоспарланып отыр. Көпқабатты тұрғын үйлер көбейген сайын өз кезегінде жылу энергиясын тұтынуды едәуір артады. Халық саны да өсіп келе жатқанын ескерсек, жылу қазандықтарына түсетін салмақ жылдан жылға арта бермек. Осы бағытта "Басқуат" қазандығының жүктемесін төмендету бойынша шаралар қабылданып жатыр. Бұл жылу беру маусымы кезінде төтенше жағдайлардың алдын алуға жол ашады.
Талдықорғанда жыл сайын мыңдаған пәтер берілгенімен кезек бәрібір азаймайды. Оның себебі қазір түрлі мамандық өкілдері де үй кезегіне тұрып жатыр. Оған қоса халықтың тұрмыс деңгейі де осыған негіз болып отыр. Ақша құнсызданған сайын пәтерге мұқтаж жандар көбейіп келеді. Көп балалы ата-аналардың саны да артып келеді. Олар үйі болса да мемлекеттен қосымша үй алғысы келеді. Бұрынғы Отбасы банктың кезекпен беретін әдісі дұрыс еді. Қазір үй таңдап соған қарап отырасыз. Қазір көпбалалы аанаға 2 мүмкіндік береді. Жылда бұйырмай келеді. Мен 2015 жылы тіркелген едім, өз күшіммен жетейін десем, әйтеуір реті келер емес. Тізімді құшақтап отырып, тағы да конкурстан өтпей қалдым. Енді келер жылы бұйырып қалар деген үміттемін, - дейді көпбалалы ана Мөлдір Асхатқызы.

Айта кетейік, өткен жылы тұрғындардың санын ескере отырып, Дарабоз ана, Абай, Қабанбай батыр, Балпық би, Төлебаев және Алдабергенов көшелерінде 2,9 км жылу желілері қайта жаңғыртылды. Шаһар орталығындағы бірнеше нысан мен "Қаратал" шағын ауданы №2 және №3 қазандықтарға қайта қосылып, соның нәтижесінде "Басқуат" қазандығына жүктеме 12% немесе 22 Гкал/сағ төмендеген. Сонымен қатар, қуаттылығы сағатына 49 Гкал қазандықтың және "Басқуат" қазандығының базасында газ турбиналық станцияның құрылысы басталды.
Алдымен әлеуметтік осал топтағылар алады
Бірінші кезекте баспананы заң тұрғысынан алып қарағанда әуелі әлеуметтік осал топ өкілдері алуы тиіс. Бұл ретте облыс орталығында тұрмысы төмен, толық емес отбасылармен қатар, мүгедек балаларды асырап отырған отбасылар, кәмелетке толғанға дейін жетім қалған және ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, сондай-ақ мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектер, зейнеткерлер көптеп кездеседі. Жақында сол санаттағыларға жүзден астам пәтер тарту етілді. "Жастар - 3" жаңа тұрғын ауданынан берілген үйлердің кілтін облыс әкімі Бейбіт Исабаевты өзі табыстады. Бұған дейін де осы айлақтан бірнеше пәтердің кілті берілген еді.
Пәтер кезегіне ешкім жайдан жай тұрмайды. Менің қызым мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ана саналады. Қанша жылдан бері үй жалдап тұрды. Туыстарымызды да паналадық. Оларға да қашанғы масыл боламыз. Басқаға бәрі сөзбен оңай болғанымен, бізге аса ауыр тиді. Бұрын әкім-қаралардың туған-туысы, ағайыны, ақшасы бар адамдар кезексіз-ақ пәтерді алып келді. Тіпті бір басында 4-5 үйі бар шенеуніктерде табылды. Қазір бұл жүйе ретке келіп, жүйелене түскендей көрінеді. Немерелерім үшін қуанып отырмын. Енді еркін ойнап, еркін жүріп-тұратын болды. Біз он жылдан астам уақыт көлемінде кезекте тұрдық. Тіпті уақытын шатасыпта қалыптық. Былтыр берілуі керек болған, қайта осы үй маңдайымызға бұйырыпты. Облыс әкімдігіне, қала басшылығына алғысымды айтамын. Үйсіз қазақ болмасын. Біз секілді жандар да пәтерлі болсын, - дейді қала тұрғыны, зейнеткер Айман Төлешқызы.
Айта кетейік, айдың басында осы шағын ауданда алғашқы 23 отбасы жаңа қонысқа кірген еді. Әр үйдің жалпы ауданы 76 шаршы метрді құрайды. Бәрі заман талабына сай жабдықталған. Мысалы, үлкен үйге үш бөлме, ас үй мен жуынатын бөлме кіреді. Әзірге жаңа үйлер электр қазандығы арқылы жылытылады. Жыл соңына дейін газ қазандығы орнатылып, табиғи газ жеткізілгеннен кейін іске қосылады. Қала әкімі Ернат Бәзілдің айтуынша, жыл аяғына дейін тұрғын үй алабына газ тарту жоспарда бар.

Біз әр тұрғынның тілек-аразын жерде қалдырмауға тырысамыз. Арнайы қабылдау кезінде көбі осы баспана мәселесін алға тартады. Әрине, бәрі заң аясында кезекпен алуы тиіс. Мысалы, былтыр өңір аумағында 371,9 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылса, биыл тағы 380 мың шаршы метр тұрғын үй беру жоспарланып отыр. Біз жаңа аудандардың құрылысын бастауды көздеп отырмыз. Қаңтар айынан бері қаламызда 102 отбасы жаңа баспанаға кірді. Атап айтқанда, "Береке" коттедж қалашығының, "Жастар-3" тұрғын алабында әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтар мен көп балалы отбасылар үйлі болды. Жаңа тұрғын алабында 56 үй салынды, биыл біз 150 үй салуды жоспарлап отырмыз. Жалпы алғанда мұнда 700-ден астам үй болады. Жол жасалады, құжаттар дайын. Сондай-ақ биыл газдандыру жұмыстарын бастаймыз. Осылайша бұл аудан алдағы уақытта қаланың үлкен әрі әдемі заманауи шағын аудандарының бірі болады. Одан кейін біз мұнда әлеуметтік нысандарды салу мәселесін қарастыра бастаймыз, - дейді қала басшысы Е.Бәзіл.
Бұрынғыдай емес, үй алу тәртібі де біраз қатаңдады. Қазір мамандар кезекте тұрған адамның әлеуметтік жағдайын тексеруге құқылы. Заң аясында әлеуметтік осал топ өкілдеріне жататынын дәлелдейтін құжат керек, әрі мүмкіндігі шектеулі жан болса соған сай анықтамасы болуы міндетті.
Қала әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, "Жастар-3" шағын ауданында тұрғын үйлердің құрылысы өткен жылдың шілде айынан бастап жүргізілген. Осылайша кезекте тұрғандар үшін жалға берілетін 56 жаңа үй салынып, сатып алынған. Олардың бәрі бүгінде өз иесін тапты. Ең бастысы, биылғы жылдың соңына дейін осы тұрғын ауданда жеке құрылыс салушылар есебінен тағы 150-ге жуық үй пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.
Айтпақшы, талай жылдан бері құрылысы тоқтап, жемқорлықтың нышанына айналған "Береке" коттедж қалашығында да қайта құрылыс жұмыстары жанданып, бірнеше пәтер көпбалалы аналарға табысталды. Тауықкүркеге айналған тұрғын үйлердің тағдыры біраз елді алаңдатқан еді. Облыс әкімі қайта қаржы қарастырып, заман талабына сай жабдықтап берді. Бүгінде бірнеше отбасы сонда тұрып жатыр. Бұл тақырыпқа кейіннен тағы кеңінен тоқталатын боламыз. Талай атқамінерлер алаяқтықпен қаржысын үнемдеп қалған баспаналарда бүгінде тұрғындар тұрып жатыр.
Үй кезегі қысқарған дейді, қайдағы қысқарған күн сайын адам қосылып артқа жылжып жатқан секілді. Біздің кезекте тұрғанымызға 5 жылдан асты. Қазір 7586-орында тұрмыз. Бұл пәтерді қашан аламыз, кімдерге беріп, кімдерді қосып жатыр, түк түсініксіз. Жолдасым апта сайын онлайн кезекті қарап отырады. Алға жылжу бар, бірақ пәтерді қашан аламыз, алдымызды біреулер орап кете ме деп уайымдаймыз. Қазір пәтер жалдап тұрамыз. Ауылдан көшіп келгенімізге 10 жылдан асты. Ауылдағы үйді сатқан ақшаға қаладан пәтер ала алмадық. Бала-шаға кішкентай болған соң, тапқан табысымызы тамақтан артылмайды. Оның үстіне жалдамалы пәтерге 80 мың теңге төлейміз. Жолдасым қосымша түнгі күзетке қызметке тұрды. Мен балалармен үйдемін. Үлкені оқушы, қалғандары әлі мектепке бармайды. Тезірек үй алсақ қой деп армандаймыз, - дейді көпбалалы ана Айгүл Көпжасарова.
Әрбір отбасының тілегі – баспаналы болу. Өз үйім – өлең төсегім дегендей, әр отбасы өзінің жеке баспанасы болғанын қалайды. Қаншама қазақ баласы пәтерсіз жүр. Қала әкімдігінің мәліметінше, жаңа шағын аудардарға тағы да мыңдаған пәтер салынады. Олар алдағы 5-6 жылда он мыңға жуық тұрғынды жеке шаңырағымен қуантуды көздеп отыр. Алайда үй кезегінің жылда көбеюі алдымен халықтың тұрмыс деңгейіне де байланысты көрсеткіш екенінін ұмытпаған абзал.