Қаңтар айынан бері есірткі сатумен айналысқан 50-ге жуық интернет-каналдары жабылды. Қылмыстық топ құрғандар құрықталып, деректері анықталып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Есірткі тасымалдау ісіне қатысқан бірнеше топ өкілін құзырлы органдар арнайы операция барысында ұстаған. Есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты 21 қылмыстық құқықбұзушылық тіркеліп отыр. Нақтылап айтсақ, 9-ы нашақорлықтың теріс қылықтары ретінде тіркелсе, 12-сі есірткі қылмыстары ретінде қарастырылған. Оның үстіне трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құру жұмыстары да бар.
Қазір жастар арасында нашақорлық пен есірткі бизнесі көбейіп келеді. Бүгінде соған қарсы кешенді жоспар құрылып, өңір полициясы мен мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдармен және еріктілермен тығыз байланыста тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар жүргізіп келеді. Мәселен, жыл басынан бері облыс көлемінде жастарға есірткінің зиянды әсері мен олардың заңсыз айналымына қатысқаны үшін жауапкершілік туралы ақпарат беру мақсатында 79 түрлі профилактикалық шара өткізілді. Оған қоса ата-аналарға да бала тәртібіне аса мән беру керектігі ескертілді, - дейді облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Эмиль Шарменов.
Жастар арасындағы есірткі саудасын алдын алу жұмыстарына тек құзырлы органдар ғана емес, қоғамдағы әрбір адам араласқаны абзал. Себебі әлі қалыптаспаған бозбалалар мен бойжеткендер алданып қалады.
Ата-ана баласын сағат түнгі 22:00-ден кейін далаға шығармауы қажет. Біз арнайы рейд жүргіземіз. Электронды темекі шегетін оқушылар да бар. Оларға психологиялық жұмыстар жүргізіледі, - дейді психолог-мұғалім Айнұр Таңқабаева.