2023 жылдың қыркүйегінде әскерге шақырылған Әмір Байтұрғанов өз өмірін елге қызмет етуге арнамақ болған екен, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Zakon.kz мәліметінше, Әмір үнемі спортпен айналысатын мықты жігіт болған. 2023 жылдың 21 желтоқсанында оның отбасына жағымсыз хабар жеткен - Әмір комаға түсіп қалған. Ал сағат 6:20-да жас жігіт қайтыс болған.
Белгілі болғандай бірер күн бұрын жауынгерлік жаттығулардан кейін Әмір өзін нашар сезініп, жоғары температурамен дереу ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер ыстығын уақытша түсіре алған көрінеді.
Қорғаныс министрлігі Бас әскери-медициналық басқарма басшысының орынбасары Берік Ільясов сарбаздың өліміне жіті инфекциялық менингит себеп болуы мүмкін дейді.
Дегенмен сарбаздың ата-анасы бұл диагнозға күмәнмен қарайды. Себебі Әмірдің ұзақ уақыт бойы бүйрегі ауыратынын айтқан. Жігіттің әкесінің сөзінше, Әмір тиісті ем алмаған, оны тек УДЗ жасап, екіжақты пиелонефрит диагнозын қойғаннан кейін ғана "санчасть-қа" жіберген. Сарбаздың отбасы өлімге қатысты тергеу жүргізуді талап етіп отыр. Ал Қорғаныс министрлігі сарбаз бүйрек ауруынан көз жұмғанын жоққа шығарып отыр.