Облыста тұңғыш рет «Жетісу салбурыны – 2025» республикалық турнирі ұйымдастырылды. Сайысқа өңір-өңірден келген 60-қа тарта құсбегі қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құсбегілер сайысы кейінгі уақытта республика көлемінді жиі өтіп жүр. Бұл дәстүр енді Жетісу жерінде де жалғасады. Алыс-жақын облыстардан келген 12 команда өзара бақ сынап, шын мықтыны анықтады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, құсбегілер тыңғылықты дайындалып келген.
Саятшылық өнері ең әуелі қолдағы қыраныңмен қадірлі. Сондықтан құстың бабы келіп тұрса, иесі топтың алдында жүреді. Сол себепті ұлтымыздың мақтанышына айналған ұлттық спортымызды сақтап, ұрпақтарға жеткізу – бүркітшілердің басты міндеті. Осы бір бірегей өнерді ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізу үшін бар күшімізді салатын боламыз. Осы ұлттық спорт түрін дамыту жолындағы жұмысымызды одан әрі жалғастырамыз. Бүгінгі сайыс соның бастамасы ретінде құнды, дейді «Жетісу саятшылары» ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті Бүркітбай Файзолла.
Сайыс барысында құсбегілер алдымен бүркітті қолға шақыру бойынша өнерін көрсетіп, артынан шырғаға салу бойынша жарысқа түсті. Үш аталым бойынша кіл мықтылар анықталды. «Бүркіт» номинациясында атыраулық Арман Кушкаров топтың алдынан көрінді. Ал «Қаршыға» аталымында жамбылдық Берікболсын Бабажанның қанжығасы майланды. Қарағандылық Таңат Оспанқұлов «Ителгі» номинациясында үздік шықты.
Ұлттық өнерімізді ұлттық спорт деңгейіне көтеріп, бәйге, көкпар секілді бабадан келе жатқан бәсекелер қатарынан қосылғанын тілейміз. Бұл сайыс кенже қалса да, әлі де құс баптайтын жандар көп, дейді Алматы облысының бүркітшісі Алмас Сейітжан.
Қатысушыларға арнайы сый-сыяпат көрсетілді.