Жетісуда жазғы демалыспен 103 мыңнан астам оқушы қамтылады, деп хабарлайды BAQ.KZ Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл Жетісу облысында балалардың жазғы сауықтыруына шамамен 623 млн. тенге бөлініп отыр. Қазіргі кезде қала сыртындағы 9 лагерь дайындық жұмыстарын жүргізуде. Жалпы жазғы маусымда 103 мыңнан астам оқушыны немесе 85,5% жазғы демалыспен қамту жоспарланған.
Облыстық білім басқармасының мәліметіне қарағанда, осы жылы жергілікті бюджеттен балаларды жазғы сауықтыруға 622 млн 710 мың теңге бөлінді. Бір балаға 45 мың теңге есебінен әлеуметтік әлжуаз топтар санатындағы отбасыдан шыққан 13838 оқушыны маусымдық лагерлермен қамту жоспарланып отыр. Қазіргі кезде 9 қала сыртындағы лагерь, атап айтқанда Текелі қаласында «Алтын Шажа», «Эдельвейс», «Бастау», Алакөл ауданында «Шағала», Көксу ауданында «Қарлығаш», Ескелді ауданында «Айналайын», «Көктөбе», Ақсу ауданында «Тамшыбұлақ», Панфилов ауданында «Қарлығаш» балаларды қабылдауға дайындық жүргізуде.
Сонымен қатар мектеп жанындағы тамақсыз лагерлермен - 43423 бала, экскурсиялық саяхаттармен - 5640 бала, демеушілердің көмегімен – 1004, ата-ана қаражат есебінен - 38573, қосымша білім берумен -780, барлығы 103 258 бала қамтылады деп жоспарланған.