Облыс орталығын жасыл қала атандыру жұмыстары жанданбақ. Сол мақсатта биыл мыңдаған ағаш көшеттері отырғызылады, деп хабарлайды хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осыған дейін де «жасыл қала» жобасы елдің назарында болған. Алматы облысы тұсында Талдықорғанды жасыл желекке орауды қалаған әкімдік қызметкерлері он мыңдаған көшет отырғызған еді. Алайда көбі сусыз қалып, қурап кетті. Биыл бұл мәселе толықтай шешіледі деп отыр жергілікті билік өкілдері.
Облыс орталығының бас шаһарыТалдықорған қаласын жасыл қала болу жолында маңызды қадамдар жалғасын табады. Осылайша биылғы жылы қала аумағына 12 мың түп ағаш көшеті егіліп, көгалдандыру жұмыстары жалғасады. Оның 1800-і көктем айларында, қалған 10 мыңнан астамы күзде отырғызылады. Оны қадағалау жұмыстары да жүйелі түрде жүреді. Әрбір тұрғын көшеттердің маңыздылығын сезінсе дейміз, дейді қала басшысы Ернат Бәзіл.
Сала мамандарының сөзінше, қалаға егілетін барлық көшеттер аймақтың ауа райынабейімделген ағаштар саналады. Яки күннің аптап ыстығында бойында ылғалдылығын сақтайды, сондықтан бұрынғыдай қурап кетеді деуге келмейді.
Жетісу жері өзі де тұмса табиғатымен таңдай қақтырған өлке. Ал Талдықорған қаласы жемісті жер, ауасы таза, нағыз берекелі мекен. Ағаштың көп болғаны жақсы, адамға таза ауа сыйлайды. Бұл тұрғындар үшін де маңызды. Мен осы жергілікті халық қураған ағашқа өздері су неге құймайды деп ойлаймын. Бәрін билікке итере бермеу керек. Қала бәрімізге ыстық болуы қажет, дейді қала тұрғыны, зейнеткер Абылай Жанторсықов.
Сондай-ақ, қала көшелерінде 80 мыңнан аса гүл шоқтары егіледі деп жоспарланған. Айта кетейік, өткен жылы қала аумағына 10 мың түп ағаш көшеттері мен 60 мыңға жуық гүл шоқтары егілген еді. Бұл дәстүр жылда жалғасын табады.
Ақмарал ҚАЙРАТ