Жетісуда 1140 гектар күздік дақылдың жағдайы нашар

27 Наурыз 2024, 13:00
509
Бөлісу:
Жетісуда 1140 гектар күздік дақылдың жағдайы нашар
Фото: Дмитрий Ерофеев

«Жетісулық шаруалар жылдағыдай 70 мың гектарға жуық жерге күздік дақыл сепкен еді. Дегенмен, биылғы қыс диқандарды әлекке салды. Көктемгі тексеріс кезінде кейбір ауданда тұқымдардың шірігені анықталды», деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Қатты аяздан жердің тоңы қалыңдап кеткен

Қазақстанның көп өңірі секілді биыл Жетісудың да қысы шаруаға оңай тимеді. Олай дейтініміз, аграрлы өңірдің бірінші – тіршілігі төрт түлік десек, екіншісі – егін шаруашылығы. Облыста егін егіп берекесі артқан жүздеген шаруашылық бар. Олардың кейбірі күннің суығына қарамастан күзде де тыным таппай, жерге күздік дақылдар себеді. Ал биылғы күздің жаңбыры қаһарлы қыстың суығына ұласып, топырақтың тоңын қалыңдатып тастады. 

Ауа райының бұлай кенет құбылуы дихандар үшін күтпеген жағдай болды. Қыстың алғашқы күні қарсыз, күннің күрт жылынуымен басталып, соңы сарышұнақ аязға ілесті. Қалың түскен қасат қар мен шытқыл аяз шаруаның мазасын алып, әбігерге салды. Температураның күрт төмен түсуі күздік дақылдардың өніп-өсуіне кедергі келтіретіні мәлім. Сондықтан шаруалардың алаңы басым.

Күздік бидай, қарабидай, арпаны өңірдегі барлық егіс көлемінің 20 пайызын құрайды. Күздіктер топырақтың ылғалдығын сүйеді. Ең бастысы жаздықтарға қарағанда көбірек өнім береді. Арамшөбін жұлып әуре болмайсын. Қазір өңірде жерді суару үдерісінде проблема көп. Ал күздік дақылдарға су көп қажет емес, жаздың аптап ыстығына да ұрынбайды. Облыста шағын шаруалар арасында көктем келе техника тапшылығы қатты білінеді. Бұл ретте күздіктер техникаға аса зәру емес. Жазда, ел тынышта, орып аламыз. Пайдасы мол өнім ғой, ел ішіндегі дақылға сұранысты жоғалтпайды. Тек биыл қыстың қытымыр мінезі күткен нәтижеге жеткізе ме, жеткізбей ме сол уайым болып тұр. Былтыр да күннің райы көп кедергі келтіріп еді, - дейді шаруа иесі Алтынбек Өтемұратов.

Қазір өңірдегі шаруалар дақылдар уақыт өте қалпына келуі де мүмкін екенін айтады. Дегенмен көктемнің салқыны басылар емес. Күздік дақылдың жаздыққа қарағанда ерте пісетіні ескерсек, күн жылына салысымен жер бетіне көтеріліп алады. Қалыпты суықтан қорықпайды. Тек көктем кезінде суару желілерін реттеп, қорек режимін жасау қажет.

Мамандардың айтуынша, тәлімі ауыспалы егістіктерде күздік дақылдарды қоңыр күздің ортасына таман жыртылған таза парға еккен абзал. Себебі, көктемгі жыртылған жергден гөрі ылғалды бойына молынан сақтайды. Сондықтан топырақты кептірмей бірден еккен жөн. 

Бүгінде шаруалар мүмкін техниканың тапшылығынан, әлде өздерінің салғырттығынан ылғалы төмен, көктеде кеш жыртылған жерге егеді. Бұл ретте күздік бидай дұрыс өнім бермейді.

Жетісуда 1140 гектар күздік дақылдың жағдайы нашар

Мәселе тұқымда болуы мүмкін

Осы тұста тағы бір жайттың шетін шығарсақ. Мәселе мүмкін күздік дақылдардың сортында жатқан болар. Қысқы төзімділік тұқымның өндіріске жарамдылығын бағамдайтын ең маңызды биологилық қасиет екенін ұмытпаған жөн. Сол себепті дақылдар қыста қандай күйде екенін саралау мақсатында жиі-жиі даладан сынама алынады. 

Осы ретте облыстық ауылшаруашылығы басқармасы аудан-аудандарға, тіпті қала әкімдеріне мнжетті түрде күздік дақылдардан сынама алып, үнемі бақылауда ұстау жайлы бірнеше хат жолдап, арнайы тапсырма берген.

Былтыр жергілікті шауралар 69200 гектар жерге күздік дақыл сепкен болатын. Оның 68915 гектары бидай, 285 гектары арпа. Күздік дақылдардың қалай қыстағанын білу мақсатында алдын ала жүргізілген сынама (монолит) нәтижесінің 14 наурыздағы жағдайы бойынша 58736 гектары жақсы, 9324 гектары қанағаттанарлық көрсеткіш көрсетіп отыр. Ал 1140 гектар жердегі егістіктің жағдайы нашар деп бағалануда. Бұл жалпы егіс көлемінің 1,6 пайызын құрайды. Алдағы уақытта тағы сынамалар алынады. Шаруалардың алаңы орынды, бірақ табиғаттың заңына кім қарсы тұра алады, - дейді обыстық ауылшаруашылық басқарма басшысы Нұрдәулет Кененбаев.

Бүгінде сынам алудың өзіндік ереже-шарты бар. Оны мұқият тәжіибеден өткізбесе ертеңгі өнімнің сапасына әсер етеді. Әуелі мамандар үлгіні алмас бұрын қар жамылғысының қалыңдығы өлшейді. Одан әрі егіс бетін толықтай қардан тазартып, сынаманы арнайы балтамен болмаса металл күрекпен кеседі.

Нәтижелерді есептеу сынамалар алынғаннан кейін он бесінші күні ғана жүргізіледі. Оған санақ жасау үшін барлық өсімдікті топырақтан шығарады. Оны мамандар сумен толықтай жуады. Ең соңында тірі тамырлар мен қайта өңбейтін өлі тамырлар жеке-жеке есептеледі.

Облыстық ауылшаруашылығы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, алғашқы сынаманың қортындысы бойынша мыңнан астам гектар жерге егілген дақылдың өнім бермейтіні байқалған. Түстеп өтсек, Ақсу ауданында 500 гектар жер, Алакөл ауданында 300 гектар жер, Қаратал ауданында 60 гектар жер, Сарқан ауданында 280 гектар жердің дақылы өнбей қалуы ғажап емес.

Жетісуда 1140 гектар күздік дақылдың жағдайы нашар

Ғылыми зерттеу бойынша күздік бидай үшін қант қызылшасы егілген жер қолайлы болып табылады. Тәтті түбірден кейін егілген күздік бидай өнімі жаздыққа қарағанда 5-6 центнер артық өнім береді. Бұл тәжірибені жергілікті шаруалар пайдаланғаны жөн. Қант қызылшасын ерте жинап, орнына күздік бидайды сепсе дихандардың өзіне тиімді. Топырақтың құнарын арттыру үшін өңірде азотты және форфорлы тыңайтқыштарды, суперфосфатты да пайдаланса болады. Кейбір шаруалар аммиак селитраны қолданады. Күздік бидайды аңызға ексе суықтан сақтанады. Мұны диханшылар білмейді. Егер алдында топыраққа тағы бір зерттеу жүргізген дұрыс. Ол ертеңгі өнімі үшін де маңызды. Тұқымның сортына да мән жеру қажет, - дейді география ғылымдарының кандидаты, І.Жансүгіров атындағы университеттін қауымдастырылған профессоры Нұржан Керімбай.

Аталған басқарма мамандары әрбір екі апта сайын сынама алып отырады. Бұл алғашқы сынаманың нәтижесі. Кейде жағдай нашар деген алқаптағы дақылдар күннің жылуымен қайта оянып, өніп кетуі бек мүмкін. Кейде керісінші жағдалар да болып жатады. Қазір топырақтың тоңы жібіді, жер кеңіген соң дақылдар қайта қаулап өнеріне сенеміз. Шаруалардың да тілегі осы.

Өзгелердің жаңалығы