Алакөл жағалауында қауіпсіздік шаралары күшейгенімен оқыс оқиғалар азаймай тұр. Учаскелік полицейлер дер кезінде келмейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көлдегі көзбояушылық азаяр емес
Қазір шипалы көлдің жағасын демалушылар "министр келгенге дейін", "министр келгеннен кейін" деп екіге бөліп алыпты. Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Алакөлдің жағасындағы жұмыстарды бақылап қайтқан еді. Сол кезде жергілікті билік өкілдері қоқыс тастайтын орындар мен құтқару мұнараларын көбейтіп көрсетіп, біраз қулыққа барған екен. Қонақ кеткеннен кейін таз қалпына қайта келген. Оны Ақши ауылдында демалып жатқан туристер әлеуметтік желіге жазып, көзбояушылыққа барған әкімдіктің әрекетін әшкереледі.
Тексеріс үшін ғана тәртіп орнату – Алакөлдегі жағдайдың шындығы. 12-13 шілде күндері Алакөлге министр келіп, тексеріс жүргізген болатын. Сол сапардан кейін-ақ жағажайға құтқару мұнаралары орнатылып, қоқыс жәшіктері қойылды. Бірақ бұл тәртіп ұзаққа созылмады — бар-жоғы үш күннен соң, 16-17 шілде күндері сол қоқыс жәшіктері жағажайдан алынып тасталды! Бұл — Ақши ауылы, сол жақ беті, - дейді демалушы Ольга Зинин.
Бүгінде Алакөлдегі қауіпсіздік ескерусіз қалып жатқанын қонақтар жиі жазып жатыр. Мемлекеттік органдар әрекетсіздігі әшкереленуде. Біздіңше бұл қауіпсіздікке қатысты министрлік ұсынымдары мен ережелері еленбей отырғанын аңғартады. Жуырда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер келіп кеткеніне қарамастан, жағдай әлі де күрделі күйінде қалып тұр.

Кәсіпкерлер су көлігін жалға беру кезінде өрескел заң бұзушылықтарға жол берді. Қайықтарын жағалауға дейін жақындатып, қауіпсіздік белгілерін — буйларды кесіп тастайды. Су мотоциклдерімен балалар шомылып жатқан жерде тікелей жүреді. Таңғы 10-да туристер полиция шақырған. Қауіпсіздікке төнген қатер туралы хабар берген. Алайда 4 сағаттан астам уақыт өтсе де учаскелік инспектор келмеген. Бірде-бір уәкілетті орган өкілі оқиға орнына жетпеген. 102-ге қоңырау шалдық — учаскелік полицей барады деді. Сағат 9:30-дан бастап түске дейін ешкім келмеді… Не су полициясы, не учаскелік. Алакөлде жауапты органдар мүлде жұмыс істемейді, — деп жазды инста парақшасына қоғам белсендісі Қайрат Абдрахман.
Мұндай жүйе — халықтың сенімін жоғалтып, шын мәнінде қауіпсіздік мәселесін шешуге кедергі болып отыр. Ал жауапты департамент аталған мәселеге былайша жауап берді.
Аталған жағдай бойынша барлық мән-жайды жан-жақты анықтау мақсатында қызметтік тексеріс жүргізіледі. Сонымен қатар, шұғыл әрекет ету қызметі — "102" пультінің жұмысы да тексерілетін болады. Төтенше жағдайлар департаментіне азаматтардың жаппай демалатын орындарында қауіпсіздік шараларын күшейту жөнінде ресми ұсыныс хат жолданады. Тексеру нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Қаза тапқандар бар
Жаздың аптап ыстығы Жетісу тұрғындарын өзен-көлдердің жағалауына тартып, шомылу маусымы қызу қарқынмен жалғасуда. Алайда суға түсудің соңы кей жағдайда қайғылы оқиғамен аяқталып жатқанын ресми деректер анық көрсетіп отыр. Құтқарушылардың алдын алу шараларына қарамастан, шомылуға рұқсат етілмеген орындарда адам өлімі мен жарақат алу фактілері азаяр емес.
Мәселенки, 2025 жылдың 1 маусымынан бастап Жетісу облысында шомылу маусымына байланысты 967 патрульдік рейд ұйымдастырылған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда төмен (2024 жылы – 1386). Дегенмен, ақпараттық жадынама тарату ісінде өсім байқалады – биыл 9452 материал таратылған, былтыр 8849 болған еді.
Суға салғырт қарағандар жауапқа тартылады. Су айдындарында қауіпсіздік ережесін бұзғаны үшін биыл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабымен 42 адам жауапкершілікке тартылған. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен бірдей. Айыппұл көлемі де аздап өсіп, 578 мың теңгеден асқан. 2024 ж. – 542 мың теңге болған еді. Бұзушылықтардың басым бөлігі жабдықталмаған жерде шомылу – 29 жағдай; құтқару кеудешесінсіз су көлігінде отыру – 7 жағдай; балаларды қараусыз қалдыру – 6 жағдай тіркелді, - дейді облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының уақытша міндетін атқарушы, қапитан Бағдат Тыныбек.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, биылғы шомылу кезеңінде 7 бала судағы қауіптен құтқарылған. Былтыр мұндай жағдай 3 рет тіркелген болатын. Өкінішке қарай, шомылуға тыйым салынған аумақта 2 адам суға кетіп көз жұмды, оның бірі – бала. Былтырғы кезеңде мұндай бір ғана өлім оқиғасы тіркелген, бала өлімі болмаған.
Ал құқық қорғау органдарының дерегінше, бұл бұзушылықтардың көпшілігі – ата-аналардың немқұрайлығынан, ересектердің жауапсыз әрекеттерінен туындайды. Барынша туристер демалу мәдениетін меңгеруі қажет.
Халықтың судағы қауіпсіздік мәдениеті өте төмен. Көп жағдайда адамдар тыйым салынған жерде суға түсіп, өз өмірін қауіпке тігеді. Тіпті баласын қараусыз қалдырып, телефон шұқылап отыратын ата-аналар бар. Ал ол бірнеше секунд ішінде қайғылы жағдайға ұласып кетуі мүмкін. Біз тексерістерді күшейттік, бірақ бәрі халықтың жауапкершілігіне тіреледі, – дейді облыстық азаматтық қорғаныс тобының офицері, лейтанат Дамир Тасбулатов.
Жағажайлар – заңмен бекітілген. Биылғы маусымда облыс әкімдігі мен мәслихаты шомылуға рұқсат етілген – 5, тыйым салынған – 76 су айдынын ресми түрде бекітті. Бұл – жақсы бастама. Алайда тыйым салынған жерлердің көптігіне қарамастан, тұрғындар сол аумақтарда суға түсуді доғарар емес.
Қауіпсіздікке қажетті техника жеткілікті ме?
Қазіргі таңда облыстағы жедел-құтқару жасағы 16 моторлы жүзу құралымен жабдықталған. Оның ішінде 12 темір қайық пен 4 катер бар. Соның ішінде жаңа үлгідегі "Корвет-600 WA" және "KFboats KF 820" секілді қуатты техникалар бар. Сонымен қатар, құтқарушылар шомылуға рұқсат етілген 23 су айдынының түбін толықтай тексеріп, тазалау жұмыстарын жүргізген.
Судағы аттракциондар әлі де барынша жұмыс істеп тұр. Ешкім тыйым салмайды, ешкім реттемейді. Неге мұндай немқұрайлылық тек біздің облыста ғана кездеседі? Астанадан тексеруші келсе болды — бәрі шапқылап, қимылдай бастайды. Әдемі есеп, дабыра, жалтыраған сандар. Бірақ шенділер кері қайтқан соң — бәрі өз қалпына түсіп, жауапсыздық пен тәртіпсіздік қайта орнайды, - дейді демалушы.
Алайда бұл техникалар мен мамандар жеткілікті ме? Әсіресе, Алакөл мен Балқаш көлінің жағалауындағы демалушылар саны күн сайын артып келеді. Алакөл ауданында 8 құтқарушы, Балқашта 2 патрульші ғана көл жағалауын күзетіп жүр. Алматыдан демалуға келген Айнұр Жақыпова соған алаңдаулы.
Алакөл жағалауы өте әдемі. Бірақ қауіпсіздік мәселесі алаңдатады. Балалармен суға түсіп жатқанда, құтқарушылар алыста жүреді немесе мүлдем көрінбейді. Қарапайым ескерту белгілері де жетіспейді. Бәлкім, көпшілік жағажайларда бақылау күшейтілсе дұрыс болар еді, – дейді.
Талдықорған қаласындағы коммуналдық жағажайда да бар болғаны 2 құтқарушы ғана қызмет атқаруда. Жағажайда демалушылар саны кей күндері жүздеген адамға дейін жететіні ескерілсе, бұл көрсеткіш тым аз көрінеді.
.jpeg)
Статистика көрсеткендей, өлім-жітім, заң бұзушылық және жауапсыз әрекеттер әлі де бар. Қауіпсіздікті сақтау – құтқарушылардың ғана емес, әрбір азаматтың азаматтық борышы. Суға түспес бұрын, қарапайым қауіпсіздік ережесін есте сақтау – өмірді сақтаудың басты шарты. Жетісудың шұрайлы жағалауы – демалыс орны ғана емес, жауапкершілік пен тәртіп.