Жетісу облысы аумағында 22-23 тамыз аралығында тіркелмеген атыс қару мен оқ-дәрілерді анықтауға және заңсыз айналымнан алуға бағытталған “Қару” профилактикалық іс-шарасы барысында 11 атыс қаруы тәркіленді, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Екі күн ішінде өңірде полицияның күшімен 11 атыс қаруы тәркіленді. Олардың арасында қаңтар айындағы оқиғалар кезінде ұрланған 2 оқпан бар. Анықталған фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабында (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) көзделген 5 қылмыстық іс қозғалды.
Іс-шара барысында Үштөбенің 38 жастағы тұрғыны ұсталды. Одан 9 патронымен Викинг тапаншасы табылды. Анықталғандай, тапанша 2022 жылдың қаңтарынан бері Талдықорғанда ұрланған қарулар тізімінде болған. Сондай-ақ Панфилов ауданында Батыс Қытай – Батыс Еуропа бағытының 286-шақырымында көпір астынан Алматыдағы Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған SIBERGU мылтығы табылып, тәркіленді, – деді Жетісу облысы ПД КПБ бастығының орынбасары Нұрлан Сағындықов.
Рейд барысында тәртіп сақшылары 590-нан астам азаматтық қару иелерін тексерген, оның ішінде 28 азамат оларды сақтау және пайдалану ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылған.