Жетісуда денсаулығына байланысты көлік айдауға болмайтын 58 жүргізуші анықталды

Бүгінгі таңда соттар 28 талап арызды қанағаттандырды. Қалған 30 азаматқа қатысты материалдар сот қарауында.

13 Шілде 2026, 20:51
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 13 Шілде 2026, 20:51
13 Шілде 2026, 20:51
358
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Жетісу облысында медициналық қарсы көрсетілімдері бар азаматтардың көлік құралын басқару құқығын тоқтату бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Талдықорған қаласының прокуратурасы прокурорлық қадағалау актісі негізінде денсаулық жағдайына байланысты көлік құралдарын басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдері бар азаматтардың жүргізуші куәліктерінің қолданысын тоқтату арқылы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде жұмыс ұйымдастырды.

Атап айтқанда, диспансерлік есепте тұрған, эпилепсиямен, психикалық бұзылыстармен, сондай-ақ психоактивті заттарды қолдануға байланысты психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстармен ауыратын, көлік құралдарын қауіпсіз басқаруға кедергі келтіретін тұлғалар туралы болып отыр.

Жүргізілген талдау нәтижесінде медициналық қарсы көрсетілімдері бола тұра көлік құралдарын басқаруды жалғастырып жүрген 58 азамат анықталды.

Анықталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында прокуратура тарапынан сотқа көлік құралдарын басқару құқығын тоқтату және жүргізуші куәліктерін жарамсыз деп тану туралы талап арыздар жолданды.

Бүгінгі таңда соттар 28 талап арызды қанағаттандырды. Қалған 30 азаматқа қатысты материалдар сот қарауында.

Жетісу облысының прокуратурасы қабылданып жатқан шаралар жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ықтимал жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталғанын атап өтеді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда және прокуратура органдарының тұрақты бақылауында.

Наверх