Облыста 2030 жылға дейін іске асырылатын инвестициялық жобалар пулы қалыптасқан. Оған жалпы сомасы 1,6 трлн теңгені құрайтын 148 жоба кіреді, деп хабарлайды BAQ.KZ Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жетісу жеріне «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның өкілдері ресми сапармен келіп, өңірдің инвестициялық әлеуетімен танысты. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев инвестициялық жобалар үшін құрылатын жағдайлар туралы толыққанды айтып берді.
Алдымен киелі жерге қош келдіңіздер! Жетісу өңірінің инвестициялық әлеуеті зор. Жан-жақты қолдау мен жаңа мүмкіндіктер қарастырлған. Агроөнеркәсіп кешені, көліктік-логистика, туризм, баламалы энергетика, өнеркәсіп және жер қойнауын пайдалануды дамыту көзделген. Осыған байланысты облыстағы жобаларды және аталған салаларды қаржыландыруды ұсынамыз. Өз тарапымыздан инвесторлар үшін қажетті жағдай жасалады. Біз ынтымақтастықты жандандыруға қашан да дайынбыз, – деді Бейбіт Өксікбайұлы.
Облыста 2030 жылға дейін іске асырылатын инвестициялық жобалар пулы қалыптасқан. Оған жалпы сомасы 1,6 трлн теңгені құрайтын 148 жоба кіреді. Нәтижесінде 7 мыңнан астам жұмыс орнын құрылады.
Өз кезегінде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев холдингтің қызметін таныстырып, оның құрамына кіретін еншілес ұйымдарды атап өтті. Қазақстан Даму Банкі, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы, Өнеркәсіпті дамыту қоры, Аграрлық несие корпорациясы, ҚазАгроҚаржы, Отбасы банк өкілдері де сөз алып, облыста бірлесе жұмыс атқаруға болатын бағыттарға қатысты пікір білдірді.
Облыс әкімдігі қаржыландыруды қажет ететін 25 жобаның тізімін назарға ұсынды. Онда сүт-тауар фермасы, балық шаруашылығы, құс еті өндірісі, жылыжай, қалдықтарды қайта өңдеуге қатысты жобалар қамтылған.
Жиын соңында облыс басшысы Бейбіт Исабаев бірінші кезекте халықтың әл-ауқатын арттыру, оларды тұрақты жұмыспен, үймен қамтамасыз ету, өңірдің экономикасын өрістету сынды негізгі бағыттарды еске салды. Сонымен қатар арнайы Жетісу облысына келген «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның өкілдеріне алғыс айтты.