Мұның жартысынан көбі қала мен аудандарға тиесілі болса, қалғаны облыстық бюджетке кіреді, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Қаржыда қалдық көп
Былтыр берілген бюджетті толық игеруге өңірдің шамасы жетпеді, дегенмен жалпы көрсеткіш 98,3 пайызды құрап отыр. Игерілмеген ақшаның 7,4 млрд-ы аудан мен қала құзырына кірсе, 5,8 млрд-ы меншікті облыстық бюджетке қарайды.
Биыл облыс бюджеті 470 млрд теңгені құрап отыр, оның 375 млрд-ы республикалық трансферт. Өңір баяғы Алматы облысы секілді өзін өзі асырайтын аймаққа жету үшін әлі талай сыннан өтуі керек. Өткен жылы бекітілген кіріс және шығыс жоспары о,баста 352,5 млрд теңге көлемінде болған еді. Оның өзін 4 рет нақтылап, 13 рет түзету жасауға тура келген. Сөйтіп ақыры 357,4 млрд теңгеге тоқталған-тұғын. Мұның ішіне республикалық бюджеттен 180,4 млрд теңге субвенция мен 115,1 млрд теңге нысаналы трансферттерді қосып қойыңыз. Сонымен қатар 24,6 млрд теңгеге жоспарланған меншікті кірістің нақты түскені 15,2 млрд теңгені құрады. Жаңа құрылған өңір үшін аз ақша емес. Екі өңір бөлінген кассалық түсімдер кезінде 12 млрд ауада қалқып, Жетісу өңіріне келіп түсті. Сөйтіп, меншікті кірістер 27,2 млрд теңгеге жетті.
Енді, жоғарыдағы ақшаны игермегендерді түстеп өтсек. Құрылыс саласы бойынша 2 млрд 437 млн теңге Сарқан ауданына қарасты Бірлік ауылы мен Талдықорған қаласындағы 2 мектеп құрылысының жобасына түзету енгізуде актілері дұрыс болмағандықтан берілмеген.
Осындай жағдай Көксу ауданына қарасты Қазақстанның 10 жылдығы пен Бесқайнарауылында, Ақсу ауданына қарасты Саркүрес ауылында, Сарқан ауданына қарасты Теректі ауылында және Үштөбе қаласындағы К.Тоқаев білім ордаларында да кездескен. Сондай-ақ Кербұлақ ауданына қарасты Сарыөзек ауылында емхана мен стадион, Алакөл ауданына қарасты Бескөл ауылында спорт кешенін, Ақсу ауданына қарасты Алтынарық ауылында медпункт, Сарқан қаласында орталық стадион, Алакөл ауданына қарасты Лепсі ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешенінде құжаттары толық емес. Сондықтан қаржы толық берілмеген.
Сонымен қатар өңірде халықты көгілдір отынмен қамтамасыз етуде де қателіктер кеткен. Мәселен, моноқалада және Қаратал ауданына қарасты Ортатөбе, Тастөбе ауылдарында газ желісінен қателіктер кеткен. Осындай жағдай Ескелді ауданына қарасты Көкжазық, Теректі, Қаратал, М.Байысов ауылдарында да кездеседі. Көксудағы Мұсабек, Амангелді, Екпінді елді мекендеріне газ тартамыз деген мердігер компаниялардың немқұрайлылығы байқалған. Мұндай әнтек әрекетердің салдарынан 1 млрд 575,6 млн теңге игерілмеген.
Мұндай жағдайлар облыстағы әр түрлі салаларда менмұндалап шығады. Қалдықтарды жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар мен қоғамдық даму басқармасыннан да көруге болады. Жол, білім, ауылшаруашылығы, денсаулық, спорт салалары да сүттен ақ, судан таза емес. Бұл ретте облыстық полиция департаментінен де қалдық қалған.
Түсер салықтың салмағы жоқ
Жоғарыда айтылғандай, Алматы облысы іргесі аулақ салғалы түсер салықтың да салмағы қалмады. Себеп сол, ірі кәсіпорындардың дені Алатауға қарай бет алды, ал жетісулық шаруалардан түсер түсім азын-аулақ қана. Қараңыз, облыстың меншікті кірістері мен салық көлемі 9,7 есеге азайған, ал салықтық емес түсім 3,1 есеге кеміп отыр. Бұл да жаңа құрылған облыс үшін үлкен соққы. Бұлай бола берсе, республикалық бюджетке жаутаңдағаны жаутаңдаған.
Жауапты мамандар, қаражаттың толық һәм тиімді жұмсалмауының себебін былайша түсіндіруде. Бір жыл ішінде игеруге қолайсыз қаржыны басқа бағытта пайдаланбай, игерілуін жыл соңына дейін күткен. Әйтсе де күткен үміт ақталмай, қаржы ортада қалған. Жыл басында облыстық бюджеттің дебиторлық қарызы 1 937 212,3 мың теңгеге жеткен, яки 10 есе артқан. Ал 24 бюджеттік бағдарлама әкімшісі бойынша 2 139 565,7 мың теңгеге жеткен. Бұған былтырдан бері ілесіп келе жатқан 202 353,4 мың теңге дебиторлық қарызды қосып қойыңыз.
Жақында облыстық мәслихат отырысында «Жетісу облысының 2022 жылға арналған бюджетінің атқарылуы туралы» есебі бекітілді. Енді 2023 жылғы жоспарды тиянақты орындауды қадағалау шарт. Мұнда облыс әкімі Бейбіт Исабаев бюджет мәселесінде ашықтық қажет екенін жеткізді.
Еліміздің өркендеуі үшін қазынадағы әр тиынның қайда кеткенін қадағалау маңызды. Біз оны тиімді жұмсай білуіміз шарт. Күмәнді жайттарға көз жұмып қарамай, кез келген мәселені ортаға салып, ашық талқылағанымыз абзал. Мұндағы міндет – берілген қаржыны шашау шығармай көзделген іске жұмсау. Оны әрбір депутат мұқият қадағалап отырғаны, жұмысқа сенім білдіреді. Тек қана облыстағы азаматтар емес, аудандық әрі қалалық депутаттар да өз пікірін айтуға құқылы. Себебі бюджеттің орынды жұмсалуы қашанда маңызды бола бермек, - деді Бейбіт Өксікбайұлы.
Оның айтуынша алда атқарар іс жетіп артылады. Мұнымен кідіріп қалуға болмайды. Былтыр өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй, инвестиция, сауда салаларында аз да болса өсім байқалған.
Осының арқасында тұрғындардың орташа табысы 14,8 пайызға өсті, жалақы да 15,4 пайызға көтерілген. Алдағы уақытта да облыстық бюджеттің атқарылуы «Нұрлы жол», «Еңбек», «Ауыл бесігі», «Нұрлы жер», «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» мемлекеттік бағдарламалары арқылы қолға алынады. Сондай-ақ азаматтық қызметкерлердің айлығын көтеруге, әлеуметтік көмекті арттыруға күш салмақ.
Биыл да бюджет мәселесінен кемшіліктер кетсе, жауапты мамандар жауапкершілік арқалайды. Жалпы, өңірдің өркендеуі үшін әлі де инвестиция тарту қажет. Қазір облысты республикадан алған бюджет асырап отыр. Оның да көлемі шектеулі. Алдағы уақытта бұл мәселе өңірді артқа тартуы мүмкін.