Жетісу облысындағы 12 ауылда жыл соңына дейін жаңа типті мәдениет нысандары салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жетісу облысында шалғай ауылдарға қажетті мәдени нысандар блокты-модульді конструкциядан салына бастады. Мәселен, биыл 12 ауылда осындай клубтардың құрылысы жүргізілуде.
Тұрғындарының саны 1 мың адамнан аспайтын 12 ауылға блокты-модульді клубтар орнату үшін облыстық бюджеттен 1,7 млрд. теңге қарастырылған. Өткен жылы тәжірибе ретінде ең алғаш Ескелді ауданының Қоңыр ауылында БМК клубы тұрғызылса, биыл оған қоса Алакөл, Ескелді, Қаратал Көксу, Кербұлақ аудандарының ауылдарында жаңа үлгідегі блокты-модульді мәдени нысандардың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
Солардың бірі Кербұлақ ауданы Шұбар ауылында орнатылуда. Қазіргі таңда нысандағы құрылыс жұмыстарының шамамен 40 % аяқталған.
Металл конструкцияларын құрып бітірген соң сэндвич панельмен қаптаймыз. Содан соң сыртқы жұмыстарына кірісеміз. Клубтың 120 орындық көрермен залы, 11 бөлмесі болады. Құрылыс жұмыстарының кестесіне сай алда екі ай уақытымыз бар, белгіленген мерзімге құрылысты аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, - дейді мердігер «Ақтөбе экорт» ЖШС прорабы Бірлік Қантбаев.
Елді мекенде мәдениет ошағының салынатынына ауыл тұрғындары қуанып жүр.
Ауылымызда осындай жаңа нысан салынып жатқанына ризамыз. Ауылда балабақшамыз бар, мектебіміз бар. Енді мәдениет ошағы ашылса, жастардың бос уақытын пайдалы өткізуіне жақсы мүмкіндік болады. Өзіміз де бір уақыт концерт көрсек, мереке өткізсек, сырттан келетін әртістердің ойынын тамашаласақ, ауыл тұрғындары үшін де рухани демалатын орын болар еді, - дейді ауылдық Аналар кеңесінің төрайымы Нүкетай Күзенбаева.
Жалпы Жетісу облысында 200-ден астам мәдениет нысаны халыққа қызмет көрсетуде. Жетісу облысы құрылғалы бері 7 жаңа мәдениет нысаны ашылды, соның 5-еуі – мәдениет үйі, 1 музей, 1 кітапхана.