Жетісу облысында екі әйел денсаулығына жақпаған қоспалар үшін 320 мың теңгесін қайтарып алды

Екі әйел дәрігер кеңесінен кейін қоспаларды қабылдауды тоқтатып, сатушыдан пайдаланылмаған өнімнің ақшасын қайтаруды талап еткен.

 istockphoto.com 21 Қараша 2026, 19:17
21 Қараша 2026, 19:17
117
Фото: istockphoto.com

Жетісу облысының екі тұрғыны Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінгеннен кейін пайдаланылмаған биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) үшін 320 мың теңгесін қайтарып алды.  

Өтініш білдірген әйелдердің айтуынша, олар кәсіпкерден бір жылдық курсқа арналған ББҚ сатып алған. Өнімнің жалпы құны 600 мың теңге болған. Алайда қоспаларды қабылдауды бастағаннан кейін әйелдердің денсаулығы нашарлаған.

Кейін медициналық тексеру барысында олардан аурулар анықталып, дәрігерлер ББҚ-ны одан әрі тұтынуға болмайтынын айтқан.

Мамандардың кеңесімен әйелдер қоспаларды қабылдауды тоқтатып, сатушыдан пайдаланылмаған өнімдерді кері қабылдап, төленген ақшаның тиісті бөлігін қайтаруды сұраған. Талаптарын растау үшін медициналық құжаттарды да ұсынған.

Алайда кәсіпкер сатып алушылардың өтінішін орындаудан бас тартқан. Осыдан кейін әйелдер тиісті департаментке жүгінген.

Өтініш берушілердің уәждерін қараған департамент мамандары кәсіпкермен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Оған Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнама талаптарын сақтау және сатып алушылардың өтініштерін ұсынылған мән-жайларды ескере отырып қарау қажеттігі түсіндірілді. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде тараптар дауды сотқа дейінгі тәртіппен реттеді. Кәсіпкер пайдаланылмаған ББҚ үшін ақшаны қайтаруға келісті, – деп хабарлады ведомстводан.

Нәтижесінде Жетісу облысының екі тұрғынына 320 мың теңге қайтарылды.

Департамент тұтынушылар өз құқықтары бұзылды деп есептеген жағдайда, түсіндіру және көмек алу үшін уәкілетті органға жүгіне алатынын еске салды.

Наверх