Жетісу облысы Ескелді ауданында мал ұрлығымен айналысқан күдіктілер үсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алғашқы қылмыс дерегі Ешкіөлмес ауылында тіркелді. 2025 жылғы 9-нан 10 желтоқсанға қараған түні белгісіз адамдар жеке тұрғын үйдің ауласынан төрт бас ұсақ малды ұрлап, жәбірленушіге 460 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.
Араға аз уақыт салып, Алдабергенов ауылының тұрғыны полицияға арызданды. Оның айтуынша, түнгі сағат бір шамасында қаскөйлер шаруа қожалығының қора-жайына заңсыз кіріп, он бас қойды қолды еткен. Келтірілген шығын көлемі 1,5 миллион теңгені құрады.
Одан кейін күдіктілер 2025 жылғы 13–14 желтоқсан аралығында Алдабергенов ауылында тағы да ұрлық жасаған. Бұл жолы шаруашылық құрылыстан 13 бас ұсақ мал ұрлап, келтірілген шығын бір миллион теңгеден асты.
Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде күдіктілер анықталып, қолға түсті. Олар Алматы облысының 35 жастағы тұрғыны және Ескелді ауданының 33 жастағы жергілікті тұрғыны. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынды, - деп хабарлады Жетісу облысының ПД баспасөз қызметі.
Қазір тергеу амалдары жалғасуда. Полиция қызметкерлері олардың өңір аумағындағы басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр.