Жетісу облысында балабақша бухгалтері 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды

20 Қаңтар 2024, 01:43
653
Бөлісу:
Жетісу облысында балабақша бухгалтері 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды
Фото: архив

Жетісу облысы Ақсу аудандық соты ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы - сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемдену немесе талан-таржға салу фактісі бойынша қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Азаматша Д. Ақсу ауданының мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының (балабақша, МКҚК) бухгалтері лауазымында жұмыс істеген. МКҚК-да жұмыс істеген кезде балабақшадағы топтардың жетпеуіне байланысты қызметкерлерге еңбекақы төлеуге бөлінген ақша қаражатын үнемдеу қалыптасқан.

Д. бухгалтер бола жүріп, МКҚК-дегі өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, 2021 жылғы қаңтар айынан бастап "Онлайн банкинг" банк жүйесінде төлем тапсырмаларын орындау жолымен "Қазақстан Халық банкі" АҚ-дан өзінің карточкалық шотына ақша қаражатын жөнелткен. Қылмыстық іс-әрекет осындай жағдайлар бойынша 2023 жылдың ақпан айына дейін жалғасқан, - деп жазды Жетісу облысы Ақсу аудандық сотының баспасөз қызметі.

Сот-экономикалық сараптаманың қорытындыларына сәйкес - азаматша Д. жалақы түрінде 2021 жылдың басынан 2023 жылдың ақпанына дейінгі кезеңде өзінің есеп шотына шамамен 39,5 миллион теңге аударған.

Сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайларды – кінәні мойындауын, шын жүректен өкінуін, залалды ішінара өтеуін және онкологиялық ауруының болуын ескере отырып, ҚК-ның 189-бабының 4-тармағының 2-тармағы бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін Д.-ны кінәлі деп таныды және оған 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жәбірленушінің 38,5 миллион теңге сомасы көлеміндегі талап қоюы толық көлемде қанағаттандырылды, - деп хабарлады Жетісу облысы Ақсу аудандық сотының баспасөз қызметі.

Үкім заңды күшіне енбеді.

Өзгелердің жаңалығы