Жетісу облысында 12 блок-модульді медпункттер салынады

19 Қыркүйек 2022, 18:26
1276
Бөлісу:
Жетісу облысында 12 блок-модульді медпункттер салынады

Көксу ауданында әлеуметтік нысандар құрылысы қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәселен, Ақшатоған және Еңбекшіқазақ ауылдарында әрқайсысы бір ауысымда 20 адам қабылдайтын фельдшерлік-акушерлік пункттер салынып бітуге жақын. Мыңдаған тұрғыны бар бұл ауылдарда бұрын медицина мамандары бейімделген 1960-1970 жылдары бой көтерген көнетоз үйде отыруға мәжбүр еді. Енді олардың жаңа ғимаратта қызмет көрсетуіне мүмкіндік туғызылады. Бұдан бөлек жыл соңына дейін жалпы Жетісу облысында 12 блок-модульді медпункттер салынады, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Ақшатоған ауылындағы ФАП ғимаратын 129 млн теңгеге «Сем-Шоғы-Құрылыс-Сервис» ЖШС салып жатыр. Серіктестіктің прорабы Тұрарбек Жолдасов қазір 15 жұмысшы нысанның ішінде, 9-ы сыртқы абаттандыру жұмыстарында еңбектеніп жатқанын айтты. Құрылыс жұмыстары әзірге 80%-ке бітіп тұр, қазан айының соңына дейін құрылысты толық аяқтау жоспарланған. Бір қабатты ФАП ғимаратында фельдшер кабинеті, акушерлік қабылдау кабинеті, егу бөлмесі, дәріхана, ақпараттандыру бөлмесі, стерильдеу бөлмесі, қақырық алу кабинеті, оқшаулау бөлмесі, басқа да медициналық және шаруашылық қажеттілігіне арналған орындар бар, - делінген хабарламада.

Ғимаратта ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін пандустар қойылып, арнайы әжетхана жасалуда. Ішкі әрлеу аяқталған соң арнайы медициналық құрал-жабдықтар орнатыла бастайды. Қатты отынмен жылытылатын жеке қазандығы да талапқа сай орнатылу үстінде. Аулаға брусчатқа төселіп, ағаштар отырғызылып, гүлзар алаңы жасалады. Компания осы аудандағы Еңбекшіқазақ ауылында да дәл осындай ФАП салып жатыр. Ол да биылғы жылдың қазан айының соңында бітуі тиіс.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне қарағанда, осы жылы Жетісу облысында 6 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүріп жатыр, соның 4-еуі биыл аяқталады, яғни Көксу ауданында жоғарыда айтып өткен 2 ФАП, сол сияқты дәрігерлік амбулатория, Ақсу ауданында медпункт іске қосылады, қалған 2 нысанның құрылысы келесі жылы жалғасады. Сонымен қатар жыл соңына дейін Жетісу облысында жалпы саны 12 блок-модульді медпункттер тұрғызылады, олар Ақсу, Алакөл, Ескелді, Кербұлақ Көксу, Қаратал аудандарында салынады. Ал Ескелді ауданында былтыр салынған блокты-модульды медпунктті қосқанда, олардың саны 13-ке жетеді. 

Көксу ауданының әкімі Марлен Көлбаевтың айтуынша, қазір ауданда тұрғын үй кезегінде 1277 адам тұр, соның 1044-і аудан орталығы Балпық би ауылы бойынша тіркелген. Осыған орай халықты қолжетімді баспанамен қамту мақсатында аудан орталығында 60 пәтерлік тұрғын үй салынып жатыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қолға алынған несиелік үй кезектегі азаматтарға берілмек.

Кезекте тұрған төлем қабілеті бар азаматтар осы несиелік үй пәтерлерін «Отбасы банк» арқылы ала алады. Аудан әкімдігінің хабарлауынша, бүгінге дейін 439 адам өзінің төлем қабілеті бар екенін растайтын құжаттарын әзірлеп қойған. Құрылыс биылғы жылдың мамыр айында басталған. Тоғыз ай ішінде, яғни келесі жылдың ақпан айында салынып бітуі тиіс. Құрылысты «Жаркент Алғыр» құрылыс компаниясы» ЖШС мердігер компаниясы жүргізуде. Жобаның құны 1 млрд. теңгеден асады. Учаске бастығы Ақиық Ноғайдың айтуынша, қазір кірпіш қалау, монолит жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр. Қыста ішкі әрлеу ісіне кіріспек. Құрылыс алаңында 40 адам, 3 техника жұмыс атқаруда. Жергілікті тұрғындардан жасақталған жұмыс бригадасындағылар 400 мың теңгеге дейін жалақы алады. Тұрғын үй орталық жылу жүйесіне қосылады. Бұдан әрі инженерлік-коммуникациялық желілері мен абаттандыруын конкурс бойынша жеңімпаз боп танылған тағы бір компания атқарып жатыр, - делінген хабарламада.

«Жаркент Алғыр» құрылыс компаниясы» ЖШС-нің өңірдегі құрылыс алаңы бір бұл ғана емес, олар бүгінгі күні Талдықорғанда 9-шы шағын аудандағы 27-ші, 29-шы нүктелердегі тұрғын үйлердің құрылыстарын қызу қолға алған. 

Балпық би ауылында тұрғызылып жатқан үй 7 және 8 қабатты екі блоктан тұрады. Мұнда 1 бөлмеліден – 15 пәтер, 2 бөлмелі 30 пәтер, 3 бөлмелі 15 пәтер болады деп күтілуде. Тұрғын үйдің жалпы ауданы - 3253,25 м3. 

Жалпы Жетісу облысы бойынша жыл басынан бергі 8 айда құрылыс жұмыстарының көлемі 56,1 млрд. теңгені құраған. Соның ішінде 116,6 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген. 

Сондай-ақ ауданда 25 балаға арналған шағын орталығы бар 120 орынды мектептің құрылысы Бесқайнар ауылында өткен жылы қарашада басталып, кестеден біраз кешеуілдеді. Оған құрылыс материалдары бағасының өсіп кетуі себеп болған. Мердігер ұйым «AК Construction Company» ЖШС-ның прорабы Кәкімсейіт Мырзабеков қазір жобаға түзетулер енгізіліп, тиісті мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатқанын айтты. Кестеден біраз артта қалғанымен, құрылыс алаңында жұмыс тоқтамаған. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары 80%, абаттандыруы 70 %, ішкі әрлеу жұмыстары 20% аяқталған. Қазір мұнда 46 адам, 7 техника жұмысқа тартылған. Мердігер ұйым мектеп құрылысын жыл соңына дейін аяқтап береміз деп уәде етіп отыр. Айта кетсек, бұл компания бұған дейін Талдықорғандағы көп салалы аурухананы, Оқушылар сарайын, ІТ мектеп-лицейін салып, Студенттер үйіне жаңғырту жұмыстарын жасаған болатын. 

Өзгелердің жаңалығы