Жетісуда білікті дәрігерлердің тапшылығы анық білінуде. Бүгінде бір Талдықорғанға 100-ге жуық маман қажет. Мұны облыс басшысы қала тұрғындарымен кездескенде айтты, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Бұл мәселе Алматы облысы екіге бөлінбей тұрғанда да көтерілген. Дегенмен толық шешімін таппады. Жетісу дербес өңір атанғалы жоғары санатты медицина қызметкерлерінің аздығы анық білінуде. Бұл аграрлы облыстың ғана проблемасы емес, мұқым елдің өзекті мәселесіне айналып отыр. Осы жайды шешу үшін сала басшылары 25 дәрігерге тұрғын үй жалдап, тағы 19 маманға қаржылай көмек көрсетуде. Дегенмен бұл қолдаудың жеткіліксіз екенін Бейбіт Исабаев басқарма басшыларына ескертті. Жұмысты әлі де жүйелеу керектігін баса айтты.
Облыс әкімінің орынбасары Рустам Әлиге, экономика және бюджеттік жоспарлау, денсаулық сақтау басқармаларына тапсырамын: әлеуметтік қолдаудың қосымша шарасы ретінде аса тапшы мамандықтағы дәрігерлерге 2-ден 5 млн теңгеге дейін біржолғы төлемді енгізу бойынша қысқа мерзімде ұсыныстар енгізу керек, - деді Бейбіт Өксікбайұлы.
Жалпы Жетісуда медицинада донорлық трансплантация, нейроинтервенция, жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту маңызды. Бүгінде дәрігерлер облыста да бүйрек, өкпе, бауыр сияқты ағзаларды алмастыруға кезекте тұрған тұрғындардың саны жыл санап көбейіп бара жатқанын айтуда. Әрине, бұл жағдай республика көлемінде де қызып тұрған түйткілдің бірі. Дегенмен, трансплантация реципиент, донор арқылы өңірде де науқастардың санын азайтуға болады.
Мәселен, Жетісу облыстық ауруханасының директоры Анарбек Монголхан облыста нейроинтервенция емін дамытып, миына қан құйылған науқасқа уақытында жедел көмек көрсететін күшке ие болсақ дейді. Осындай жаман дертке шалдыққандардың саны өсіп келеді.
Медицина саласы дамыған мемлекеттермен тәжірибе алмасып, дәрігерлердің білімін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте облыс әкімі мен денсаулық сақтау басқармасы қолдау көрсетіп отыр. Қазір бізге білікті мамандар ауадай қажет. Сондықтан оларға барлық жағдайды жасауымыз қажет. Бұл ең алдымен халықтың денсаулығына құйылған инвестиция болмақ әрі аурухана имиджін көтеруе басты рөл атқарады, - дейді А.Монголхан.
Оның айтуынша, облыстағы денсаулық саласындағы басты нысан күрделі жөндеуді қажет етеді. Нысанда бірнеше жылдан бері толыққанды жөндеу жұмыстары болмаған. Кеңес өкіметі тұсында салынған ғимараттың тағаны мықты болғандықтан ғана іске жарап тұр. Бір қуаныштысы, бұл жайтпен облыс әкімдігі таныс. Мемлекет һәм жергілікті әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсетілмек. Ескісін күрделі жөндеуден өткізіп, аурухананың жоғары жағынан жаңа консультативті-диагностикалық ғимарат салу жоспарлануда. Бүгіндежаңа ғимараттар салудың жобалық-сметалық құжаты аяқталып қалған.
Бұл тұста тағы бір мәселенің шеті шығады, ол – жалақыны жыры. Ұлкен қаладағы тәжірибесі мол мамандар немесе шетелден үздік бітіріп келген жас дәрігерлер Талдықорғанға келуге құлықсыз. Оның бір себебі айлықтың аздығы, болса екеншісі әлеуметтік кедергілер. Осы ретте облыстық емхананың материалдық-техникалық жағдайын заман талабына сай жасау маңызды. Бұл сырттан медицина қызметкерлерін тартуға жол ашатын тағы бір амал. Бүгінде облыстық денсаулық басқарамсы мамандардың білімін жетілдіріп, әл-ауқатын жақсартуға барынша күш салып жатыр. Бірақ, өкінішке қарай нақты ұсыныстар әлі жасалған жоқ.
Алдыңғы жылы 700 млн-ға 4, былтыр 110 млн-ға 5 күрделі медициналық құрылғы алынды, Биыл да бұл ігілікті іс жалғасын табады. Шама бар біртіндеп заманауи аппараттармен толығып жатырмыз. Жаңа емхана салудың жобалық-сметалық құжатында санитарлық эпидемиологиялық талаптарға сай дәлізде бірнеше дәретхана болады. Сондай-ақ, бір палатада 2-3 адамнан артық жатпайды. Ең басытыс, тік ұшық қонатын арнайы алаң да орналастырылады. Бұл өңірдегі басты нысан болғандықтан аталған жұмыстардың болуы маңызды, - дейді травматолог-ортопед Анарбек Монголхан.
Облыс орталығында балалар ауруханасы, перинаталды орталық, кардиология орталық, онкология орталық, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасы орналасқан. Бұлардың бәрі облыстық статусы бар мекемелер. Мәселен, санитарлық авиациямен жеткізілген науқастың жағдайы төмен болса, тікұшақпен облыстық ауруханаға әкеліп, реанимацияға кіргізіп, көмек көрсетуге болады.
Осылайша сырқаттың жағдайы қалыпқа келген соң тмамандандырылған ауруханаға жеткізуге ешқандай кедергі болмайды. Олай дейтін себебіміз, қалалық әуежайдан аурухана жету ұзақ уақытты алады, оған сырқат шыдамауы мүмкін. «Жедел жәрдем» жеткізем дегенше түрлі жағдайлар болуы ықтимал, сондықтан бұл істің шешімі тікұшақ қонатын алаңмен сабақтасып жатқандай.
Жалпы, облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр 7 нысанның құрылысы басталған. Атап айтсақ, Сарыөзек ауылында 250 адамға емхана, 3 ФАП, 1 ВА, 1 МП, Талдықорған қалалық модульдік инфекциондық ауруханасы. Енді соның 2 нысаны пайдалануға берілді, қалған 5-еуі жақында елге қызмет етеді. қолданысқа өтеді.
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісуға келген сапарында денсаулық сақтау саласына да аса мән беру керектігін ескерткен. Ағымдағы жылдың шілде айында көпсалалы балалар ауруханасын қалпына келтіру жұмыстарымен сейсмикалық күшейту бойынша ЖСҚ әзірлеу басталады. Бұйырса 2024-2025 жылдар аралығында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл республикалық бюджет қаражаты есебінен іске аспақ. Жобаның алдын ала құны 2,2 млрд теңгені құрайды. Жөндеу кезеңінде балаларға стационарлық көмек ауруханаға қосымшада ұйымдастырылады.
2024-2026 жылдары жаңа онкологиялық диспансер салу үшін 210 төсектік дайын жоба бойынша 5 га жер телімі белгіленген. Қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған құрылыстың алдын ала құны шамамен 22 млрд теңге көлемінде. Оған қоса биыл салынып жатқан облыстық сот ғимаратын емханаға айналдыру бойынша жобалау жұмыстары аяқталуда. Бұл орын 500 жуық емделушіге арналған.
Одан бөлек, Өтенай ауылында 100 адамға арналған жаңа блокты емхана салу жоспарлануда. Аталған жоба 2024-2025 жылдары жүзеге асырылады. Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жаңарту мәселесі де назардан тыс қалмайды. Атап айтқанда, заманауи медициналық құрал-жабдықтарды сатып алынып, 8 млрд теңгеге түрлі ауруларды ерте анықтау бойынша скринингтік зерттеу бірліктері кеңейтіледі.
Қазір өңірде бюджеттің көлемі шектеулі. Сондықтан медицина саласы екінші орынға жылжуда. Аграрлы өңір әуелден белгілі, әуелгі күшті ауылшаруашылығына салатыны анық. Дегенмен халықтың денсаулығы маңызды екенін ұмытпағанымыз жөн. Қала тұрғындары, өңірде білікті мамандардың жоқтың қасы екенін айтуда. Дені денсаулығын қалыпқа келтіру үшін Алматы не Астана секілді алып шаһарларға баруға мәжбүр. Сол себепті осы салада маман тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілсе деген тілегін білдіруде.
Айта кетейік, Жетісуда 361 денсаулық сақтау мекемесі бар. Онда 10 мыңға тарта медицина мамандары қызмет етеді. Ел Президентті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асуда. Алдағы 2 жылда аталған жоба шеңберінде облыс бюджетінен қаражаты есебінен 17 млрд теңге бөлінбек. Оған 116 медициналық нысан салынады деп жоспарлануда. Бұл кезегінде медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға жол ашады.
Жоғарыда айтылғандай осы салаға бөлінген қаржы жылдан жылға артады. Мәселен биыл бюджеттен 89,0 млрд теңге қарастырылған. Оның 4,4 млрд-ына 253 бірлік медициналық техника мен 29 бірлік санитарлық автокөлік сатып алынған. Күні кеше сала мамандарына табысталды.
Шалғайдағы 24 ауылға 1,3 млрд теңгеге 27 блокты-модульді кешен орнатылмақ. Оған қоса тағы 6 емхананың құрылысына 2 млрд теңге бөлінген.