Биыл шілде айында Қазақстандағы әуе жолаушылар тасымалы қызметі бір жылда 10,5% қымбаттады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өңірлер бойынша Жетісу облысында әуе жолаушылар тасымалы 52,7% қымбаттады. Одан кейінгі орында Қызылорда облысы тұр. Ол жақта әуе тасымалы 46,9% қымбаттаса, Солтүстік Қазақстанда 15,9% өскен. Бұл туралы ЕnergyProm хабарлады.
Батыс Қазақстан облысында баға былтырғы деңгейінде қалды. Еліміздің 20 өңірінің тағы 6 өңірінде: Қарағанды, Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл және Ұлытау облыстарында әуе жолаушылар тасымалы қызметі арзандаған.
Биыл бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша, әуе компаниялары 5,9 млн адамды тасымалдады. Бұл былтырғыдан 27,8% көп. Алматыда ең көп жолаушылар тасымалданды: 2 млн адам. Демек бір жылда 28,5% көбейген. Одан кейін Астана (1,6 млн адам) мен Шымкент (555,6 мың адам) қалалары. Әуе көлігімен ең аз жолаушы тасымалданған өңір Алматы облысы. Бұл облыста бар болғаны 2,8 мың адам әуе кемесімен тасымалданған.