Кеше Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев бейнеконференция байланысы арқылы өткен «ҚР – ҚХР ынтымақтастығы жөніндегі достық диалогқа» қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында айтылғандай, Жетісу облысы 99 елмен сауда-саттық әріптестік байланыс орнатқан, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
ШҰАР Халық үкіметі төрағасының орынбасары Чэнь Вэйцзюн іс-шараның модераторы болды.
Конференцияны Қазақстан Республикасының ҚХР елшісі Шахрат Нұрышев ашып, екі ел арасындағы ынтымақтастық бағыттарына тоқталды.
Қытай халық республикасының Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо өз сөзінде «Бір белдеу – бір жол» бастамасына ерекше екпін түсіріп, бүгінге дейін ҚХР мен Қазақстанның тату көрші ретінде екі жақты әріптестік қатынастарын дамыту жолындағы сәтті қадамдарын атап өтті.
ШҰАА Парткомының хатшысы Ма Синжуй да баяндама жасап, Шыңжаң өңірінің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуы туралы кеңінен айтып, өз сөзін бейнероликпен толықтырды.
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың жиындағы сөзі өңірдің инвестициялық әлеуеті мен екі жақты ынтымақтастықтың перспективалары туралы болды.
Оның айтуынша, Жетісу облысы 99 елмен сауда-саттық әріптестік байланыста, сол қатарда Қытай халық республикасы да бар. Биылғы жылдың бірінші жартысындағы мәліметке қарағанда, облыс пен Қытай арасындағы тауар айналымы 720,5 млн. АҚШ долларын құраған. Өңір аумағында қытайлық серіктестердің қатысуымен жалпы сомасы 350 млрд теңге болатын тау-кен өндірісінде, өңдеу саласында, жаңартылған энергия көздері мен логистика бағытында 3 инвестициялық жоба іске асырылуда.
Өңірдің транзиттік әлеуетін арттыру – біздің әріптестік қарым-қатынастарымыздың ең перспективалы бағыттарының бірі. Бұдан басқа, аграрлық сала, жаңартылатын энергия көздері, құрылыс материалдарын өндіру, туризм, фармацевтика, сондай-ақ минералды шикізатты өндіру және қайта өңдеу ынтымақтастықтың басым бағыттары болмақ, - деп атап өткен Б.Исабаев «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА мен «Қорғас» ХШЫО-ның мүмкіндіктеріне тоқталды.
Өңір басшысы «Алтынкөл» темір жол бекетінің перспективалары жайлы еске салып, сол сияқты Қазақстан, соның ішінде Жетісу аумағы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансконтиненталды автокөлік жолы дәлізінің жүктерді Қытайдан Еуропаға дейін 11 күнде жеткізуге мүмкіндік туғызатынын айтты. Бұл өз кезегінде сауда-саттық көлемін ұлғайтып, жүк легін арттыруға жақсы мүмкіндік болмақ. Бейбіт Исабаев «Достық» бекетінде 25 млрд теңгеге салынатын жүк терминалы құрылысының жобасы туралы да айтып берді. Атап өтсек, бұл жобада Қазақстан-Қытай шекарасында жылына 9 млн. тоннаға дейін жүк пен 300 мың контейнерді ауыстырып тиеу, сақтау мен қоймалау қарастырылған.
Бейбіт Исабаев өз сөзінде Алакөл ауданының «Достық» бекетінде бірлесіп фито-ветеринариялық зертхана салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл жоба ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттау рәсімдерін айтарлықтай жеңілдететін болады. Сол сияқты облыс әкімі қытайлық инвестор бастама жасаған, алайда індеттің кесірінен бүгінгі күні тоқтап қалған жалпы алаңы 1000 гектар «Hubei Kelison индустриялық паркінің құрылысы» жобасына да жиналғандардың назарын аударды. Жалпы еркін экономикалық аймақтың бірыңғай тізілімінде 28 қатысушы тіркелген, олардың жалпы құны 500 млрд. теңгеге жуықтайтын жобалар бар, соның 9-ы 49 млрд теңге сомаға іске асырылған. 2026 жылдың соңына дейін жалпы сомасы 450 млрд. теңгеге жуық 20 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Сөзінің қорытындысында Жетісу облысы шикізат пен құрылыс материалдарының бірқатар түрлерін - болат профильдер, темірбетон бұйымдары, мәрмәр түйіршіктері мен ұнтағы, сланец, аккумулятор батареяларын, құрама жем, уыт, крахмал мен балық экспорттауға дайын екенін айтты.
Бұл облыстың көп мүмкіндіктерінің бір бөлігі ғана. Ынтымақтастықты дамыту үшін Қытай компанияларын өңіріміздің экономикасына инвестиция салуға шақырамын. Біз ұзақ мерзімді өзара тиімді әріптестік қатынастарды орнатуға мүдделіміз. Бірлескен инвестициялық және өзге де жобаларды іске асыруға айрықша көңіл бөлетінімізді тағы да атап өткім келді, - деді сөзінің қорытындысында Б. Исабаев.
Кездесу соңында облыс әкімі Бейбіт Исабаев Жетісу облысы мен Қытай халық республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арасында бауырластық қатынастар орнату ниеті туралы хаттамаға қол қойды. Осындай құжаттарға бейнеконференцияға қатысқан Шығыс Қазақстан, Абай мен Алматы облыстарының әкімдері де қол қойды.