Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы тұрғын үйдегі өрттен зардап шеккен 7 жастағы қыз көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
Бұған дейін комиссия таратқан мәліметке сәйкес, бала денесінің 11% бөлігін күйік шалып, ол жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылғаны айтылған еді.
Қанша интенсивті терапия жасалып, салалық мамандар кеңес өткізіп, реанимациялық және улануға қарсы барлық шаралар толық көлемде жүргізілгеніне қарамастан, орталық жүйке жүйесінің ауыр зақымынан науқасты аман алып қалу мүмкін болмады, – делінген басқарма таратқан хабарламада.
Еске салайық, 18 қараша күні таңертең Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Алғабас ауылында екі қабатты жеке тұрғын үйде өрт шыққан. Өртті сөндіру және барлау кезінде үйден ес-түссіз жатқан үш адам шығарылып, жедел жәрдем бригадасына тапсырылған. Үйдің ішінен 12 адамның, соның ішінде тоғыз баланың мәйіті табылды.
Сондай-ақ Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев өрттен аман қалған баланың жағдайы өте ауыр екенін айтты.