Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында сора өсірген тұрғын бас бостандығынан шектелді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай ауданы ПБ-ға тұрғынның бірі есірткі затына ұқсас өсімдіктерді баптап, өсіріп жатқандығы туралы хабарлама түседі. Ақпарат алысымен Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тез арада іздестіру жұмыстарын жүргізді.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚК 300-бабы бойынша тіркеп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізді. Полиция қызметкерлері заңмен тыйым салынған өсімдікті егумен айналысатын тұрғынды анықтауға бірден кірісті.
Жан-жақты жүргізілген жедел-шаралардың нәтижесінде күдіктінің жеке басы мен мекен жайы анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Күдікті ер адам үйінің ауласында есірткі еккен. Ауладан төрт түп есірткі өсімдігі тәркіленді. Сондай-ақ айғақты зат ретінде алынған өсімдіктерге сот-сараптамалық зерттеу тағайындалды.
Сараптама нәтижесімен алынған түптер жалпы салмағы 404 грамм шығатын «сора» есірткі заты болып шықты. Полицейлер аталған жайт бойынша жинақталған іс-құжаттарды заңды шешім қабылдау мақсатында Жетісай аудандық сотына жолдады. Сот күдікті ер азаматты ҚК 300-бабы бойынша кінәлі деп танып, бір жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады.
Сонымен қатар 100 сағаттан аспайтын мәжбүрлі еңбекке тартуға үкім шығарды.